2024 жылы Ишимару Токио губернаторын сайлауда күтпеген жерден екінші орынға шығып, көпшіліктің назарын аударған еді.
Фото: Синдзи Ишимару, "Жаңғыру жолы" партиясының жетекшісі
ERNUR.KZ. Жапон саяси партиясы жаңа шешім қабылдап, енді партияны жасанды интеллект басқарады. Жаңалық партияның негізін қалаушы Синдзи Ишимару соңғы сайлауда сәтсіздікке ұшырап, отставкаға кеткеннен кейін жарияланды, деп жазады stan.kz.
Қаңтар айында құрылған "Жаңғыру жолы" партиясын бастапқыда батыс Жапониядағы шағын қаланың бұрынғы мэрі Синдзи Ишимару басқарған еді. Бұл партияның нақты бағдарламасы жоқ, әрбір мүше өз саяси жоспарын өзі құра алады.
2024 жылы Ишимару Токио губернаторын сайлауда күтпеген жерден екінші орынға шығып, көпшіліктің назарын аударған еді. Бірақ биыл жоғарғы палатаға өткен сайлауда партия бірде-бір орын ала алмаған соң, ол партиядан шықты.
"Жаңа жетекші жасанды интеллект болады", – деді жасанды интеллектті зерттеп жүрген докторант Коки Окумура баспасөз мәслихатында.
Коки Окумура өзін "жаңа жетекшінің көмекшісі" деп таныстырды.
Партияның атынан ресми жетекші болып саналатын Киото университетінің 25 жастағы студенті жасанды интеллектіні нақты қашан және қалай енгізетіні әзірге белгісіз екенін айтты. Жасанды интеллект партия мүшелеріне саясат жүргізуді бұйырмайды. Ол негізінен партияның ішкі ресурстарын, мысалы, қаржы мен қолдауды қалай бөлуді шешумен айналыспақ.
Айта кетейік, "Жаңғыру жолы" партиясы қоғам назарын өзіне аударғанымен, сайлауда табысқа жете алмады. Маусым айындағы Токио ассамблеясының сайлауында шыққан 42 кандидаттың бәрі жеңілді. Шілде айында жоғарғы палатаға түскен 10 кандидат та жеңіске жете алмады.