YouTube 24 тамыздан бастап қаралымдарды есептеу тәртібін өзгертеді

0
60

Бұған дейін платформа әртүрлі форматтағы видеолар үшін қаралымды есептеудің бірнеше жүйесін қолданған.


YouTube 24 тамыздан бастап қаралымдарды есептеу тәртібін өзгертеді

Фото: Unsplash.com

ERNUR.KZ. YouTube 24 тамыздан бастап видеолардың қаралымын есептеу әдістемесін өзгертеді. Енді видео қаралымы ролик ойнатыла бастаған сәттен, яғни алғашқы кадрдан бастап есептеледі. Жаңа стандарт әлемнің барлық елінде видеоның барлық форматына қолданылады, деп жазады inform.kz.

Бұған дейін платформа әртүрлі форматтағы видеолар үшін қаралымды есептеудің бірнеше жүйесін қолданған. 2025 жылы YouTube қысқа видеоларға арналған есептеу әдістемесін жаңартқан еді. Енді дәл осы стандарт басқа форматтарға да енгізіліп, көрсеткіштерді бірыңғай жүйеге келтіреді.

Компанияның мәліметінше, бұл өзгеріс контент авторларына видеоларының нақты аудиториясын жақсырақ түсінуге және әртүрлі форматтағы көрсеткіштерді өзара салыстыруға мүмкіндік береді. Өзгерістен кейін авторлардың жалпы қаралым саны да жылдамырақ өсуі мүмкін.

Бұған дейін қолданылған қаралым көрсеткіші YouTube Analytics жүйесінің «Кеңейтілген режимінде» «Белсенді қаралымдар» атауымен сақталады. Ол авторларға көрермендердің қаншасы видеоны әрі қарай көргенін анықтауға мүмкіндік береді.

YouTube мәлімдегендей, жаңарту авторлардың табысына және YouTube серіктестік бағдарламасына (YPP) қатысу тәртібіне әсер етпейді. Табыс бұрынғыдай «Белсенді қаралымдар» және «Белсенді пайдаланушылардың көру сағаттары» көрсеткіштері негізінде есептеледі. Бұл көрсеткіштер YouTube Analytics жүйесінің кеңейтілген режимінде қолжетімді.

Серіктестік бағдарламасына қатысу талаптары да өзгермейді. YouTube-тағы қаралымдарды есептеудің осыған ұқсас алгоритмі TikTok пен Instagram платформаларында да қолданылады.

24 тамыздан бастап жаңа көрсеткіш YouTube-та қаралым саны көрсетілетін барлық жерде пайда болады. Бірыңғай есептеу әдістемесі авторларға аудиториясының жалпы ауқымын дәлірек бағалап, оны серіктестер мен демеушілерге көрсетуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, YouTube жаңа AI-функциясын ресми түрде іске қосқан болатын.