Табиғи апат салдарынан 190 ғимарат толық қирап, 856 ғимаратқа елеулі зақым келген.
Фото: EPA/ТАСС
ERNUR.KZ. Венесуэлада 24 маусымда болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 3 889 адамға жетті. Тағы 16 740 адам жарақат алып, 17 мыңнан астам тұрғын баспанасыз қалды, деп жазады stan.kz.
Боливариан республикасы Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес өзінің Telegram-арнасында Венесуэлада болған жойқын жер сілкінісінен 3 889 адам қаза тауып, 16 740 адам жарақат алғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, 17 907 адам баспанасыз қалған. Табиғи апат салдарынан 190 ғимарат толық қирап, 856 ғимаратқа елеулі зақым келген. Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 6 462 адам құтқарылды.
Сонымен қатар 28 836 адам ауруханалар мен медициналық мекемелерде ем қабылдаған. Зардап шеккен 86 794 отбасыға көмек көрсетіліп, оларға 9 603 тонна азық-түлік жеткізілген
Айта кетейік, жойқын жер сілкінісі 24 маусым күні кешке Венесуэлада болды. Араға шамамен 40 секунд салып, магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі жер асты дүмпуі тіркелген. Жер сілкінісінің эпицентрлері бір-бірінен шамамен 10 шақырым қашықтықта, Яракуй штаты аумағында орналасқан. Табиғи апаттан кейінгі күндері өңірде мыңнан астам қайталама жер сілкінісі тіркелді.
Еске салайық, бұған дейін Венесуэлада 1 шілдеден бастап жеті күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригеске көңіл айту жеделхатын жолдады.


