Венесуэлада жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 3 мыңға жуықтады

0
266

Венесуэлада жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 3 мыңға жуықтады.


Венесуэлада жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 3 мыңға жуықтады

Фото: Getty Images

Венесуэлада маусым айының соңында болған екі жойқын жер сілкінісінің салдарынан қаза тапқандар саны 3 мыңға жуықтады. Құтқару жұмыстарының басталғанына он күн өтсе де, ондаған мың адам әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында, деп жазады Azattyq Rýhy.

Қаза тапқандар саны артып жатыр

AFP агенттігінің мәліметінше, Венесуэла парламентінің спикері Хорхе Родригестің айтуынша, табиғи апат салдарынан кемінде 2954 адам қаза тауып, 16 592 адам түрлі жарақат алған.

Құтқарушылар он күн бойы үйінділер астынан адамдарды іздегенімен, қазіргі таңда халықаралық іздестіру топтары операцияларын біртіндеп аяқтап жатыр.

Соған қарамастан, ондаған мың адам әлі де із-түзсіз жоғалғандар қатарында.

Алғашқы сағаттарда тұрғындар өз күштерімен іздеген

Куәгерлердің айтуынша, жер сілкінісінен кейінгі алғашқы сағаттарда көптеген тұрғын жақындарын құтқару үшін құлаған ғимараттардың үйінділерін өз қолдарымен аршыған.

Мамандардың пікірінше, мұндай апаттар кезінде үйінді астында қалған адамдарды аман алып қалудың ең маңызды кезеңі алғашқы 72 сағат саналады.

Венесуэлада 125 жылдағы ең күшті жер сілкінісі болды

Жер сілкінісі 24 маусым күні елдің солтүстігінде, астана Каракастан батысқа қарай орналасқан аумақта тіркелген.

Араға небәрі 39 секунд салып, магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі қуатты жер сілкінісі болған. Бұл соңғы 125 жылдағы ең күшті сейсмикалық апат ретінде бағаланып отыр.

Кейін ондаған афтершок тіркеліп, салдарынан көптеген тұрғын үй қираған.

Елде төтенше жағдай жарияланды

Табиғи апаттан ең көп зардап шеккен өңір – халықаралық әуежай мен елдегі ең ірі теңіз порты орналасқан Ла-Гуайра штаты.

Жер сілкінісінен кейін Венесуэла билігі елде төтенше жағдай жариялап, жеті күндік аза тұту күндерін енгізді.

АҚШ-тың Цунами туралы ескерту ұлттық орталығы бұл құбылысты «сейсмикалық дублет» деп атады. Мұндай жағдайда бір аймақта бірнеше секунд айырмашылықпен екі ірі жер сілкінісі қатар тіркеледі.