Алдын ала мәліметтер бойынша, ұшу алдында үш ұшқыш та Хайдарабадта түнеген қонақүйде бірге таңғы ас ішкен.
Фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Вritish Airways әуекомпаниясы Үндістанның Хайдарабад қаласынан Лондонның Хитроу әуежайына бағыт алған BA276 рейсінде болған оқиғадан кейін ішкі тергеуді бастады. Ұшу кезінде рейсті орындаған үш ұшқыштан тамақтан улану белгілері байқалған, деп жазады tengrinews.kz.
Ұшқыштардың біріне медициналық көмек қажет болды
NDTV мәліметінше, ұшқыштардың бірі өзін нашар сезінгені соншалық, өз міндеттерін одан әрі атқара алмаған. Бортта оған оттегі берілді, ал ұшақ Лондонға қонғаннан кейін ұшқышқа медициналық көмек қажет болған.
Қалған екі ұшқыштың да денсаулығы сыр берген. Ұшу барысында олардың жағдайы нашарлай түскені хабарланды, бірақ олар рейс аяқталғанға дейін өз міндеттерін атқара алған.
Бұл ретте British Airways жолаушылардың қауіпсіздігіне ешқандай қатер төнбегенін атап өтті.
Болжамды себеп туралы не белгілі?
Алдын ала мәліметтер бойынша, ұшу алдында үш ұшқыш та Хайдарабадта түнеген қонақүйде бірге таңғы ас ішкен. Сонымен қатар, олар сыртқы компания жеткізген бөтелкедегі суды ішкен.
Оқиғадан кейін үш ұшқыш та авиациялық қауіпсіздік бойынша есеп берді. Сондай-ақ олардың денсаулығының нашарлау себебін анықтауға көмектесетін сынамалар алынған.
British Airways тергеу бастады
Әуекомпания қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы, соның ішінде Хайдарабадтағы экипаждарды орналастыру жағдайлары тексеріліп жатқанын хабарлады.
"Әріптестеріміздің амандығы – біз үшін басты басымдық, және біз аурудың бірнеше жекелеген жағдайлары туралы хабарламалардан кейін осы орындағы экипажды орналастыру жағдайларын қайта қарап жатырмыз", - делінген British Airways мәлімдемесінде.
Қазіргі уақытта әуекомпания ішкі тергеу аясында экипаждарды орналастыру жағдайларын тексеріп жатыр. Сонымен қатар құзыретті қызметтер тамақтан улануға нақты не себеп болуы мүмкін екенін анықтап жатыр.
Әзірге British Airways тексеру нәтижелері туралы хабарлаған жоқ және экипаж мүшелерінің сырқаттануының нақты себебін растамады. Оқиғаны тергеу жалғасып жтыр, ал тамақтан улану нұсқасы әзірге алдын ала болжам ретінде қарастырылған.


