Үндістандағы су тасқыны салдарынан 700 мың адам баспанасыз қалды

0
98

Алдағы күндері тағы да нөсер жауын болуы мүмкін екені ескертілді.


Үндістандағы су тасқыны салдарынан 700 мың адам баспанасыз қалды

фото: baq.kz.

ERNUR.KZ. Үндістанның солтүстік-шығысында нөсерлі жауын салдарынан болған жойқын су тасқыны жалғасуда. Ассам штатында кемінде 50 адам қаза тауып, 700 мыңға жуық тұрғын баспанасыз қалды, деп жазады baq.kz.

Брахмапутра өзенінің тасуы салдарынан 900-ге жуық ауыл су астында қалды. Су тасқыны тұрғын үйлерді қиратып, 7 мыңнан астам үй электр жарығынсыз қалды.

Билік өкілдері ауқымды құтқару операциясын бастады. 300 мыңға жуық адам мемлекеттік уақытша лагерьлерге орналастырылып, олар азық-түлікпен және ең қажетті заттармен қамтамасыз етілуде. Ал баруы қиын шалғай аудандарға гуманитарлық көмек тікұшақтармен жеткізіліп жатыр.

Штат астанасы су астында қалды

Су тасқыны Ассамның астанасы – халқының саны 2 миллионға жуықтайтын Гувахати қаласына да әсер етті. Су басқан жолдар көлік қозғалысын бірнеше сағатқа тежеді.

Нөсер жауын тағы да болуы мүмкін екені ескертілді

Сарапшылардың пікірінше, климаттың өзгеруі Оңтүстік Азиядағы муссондарды күшейтіп, жауын-шашынды қарқынды әрі болжауға келмейтіндей етіп отыр. Біркелкі жауатын жаңбырдың орнына соңы ұзақ қуаңшылыққа ұласатын нөсер жауындар жиілеп кеткен.

Үндістанның метеорологиялық департаменті таяу күндері күн күркіреп, нөсер жауын жауып, найзағай ойнайтыны туралы ескертті. Өңірдегі көптеген өзендегі су деңгейі қауіпті межеден асып кеткен.

Еске салайық, бұған дейін Үндістанда су тасқынынан 41 адам қаза тапқаны хабарланды.

Ассам штатының бас министрі Химанта Бисва Сарма қазіргі уақытта 100-ден астам адамның хабар-ошарсыз кеткенін мәлімдеп, қаза тапқандар саны әлі де артуы мүмкін екенін айтқан.

Өңірде жалғасып жатқан іздестіру-құтқару жұмыстарына Үндістан армиясы да жұмылдырылды.