Үндістанда қауіпті вирус тарай бастады

0
82

Бұл инфекция қазіргі таңда тиімді арнайы емі жоқ аса қауіпті қоздырғыштар санатына жатады.


Үндістанда қауіпті вирус тарай бастады

Сetty Images

ERNUR.KZ. Ресейлік академик Александр Гинцбург Нипах вирусының не себепті ең қауіпті инфекциялардың бірі саналатынын және оның таралуы қандай қауіп төндіретінін түсіндірді, деп жазады ulysmedia.kz.

Эпидемиолог, Н.Ф. Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі Александр Гинцбург Нипах вирусының ерекше қауіп төндіретінін ескертті. Оның айтуынша, бұл инфекция қазіргі таңда тиімді арнайы емі жоқ аса қауіпті қоздырғыштар санатына жатады. Мамандардың пікірінше, аурудың қалай өрбитіні көбіне науқастың иммундық жүйесінің жағдайына байланысты.

- Егер иммунитет әлсіреген болса, дерт ауыр асқынуларға — сепсиске, екіжақты пневмонияға, менингитке, ал кей жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін, — деп түсіндірді Гинцбург.

Инфекцияның елге ену қаупі

Академик Үндістанмен әуе қатынасының белсенді болуына байланысты вирустың Ресей аумағына ену ықтималдығына да назар аударды. Оның айтуынша, ресейліктер күз-қыс мезгілінде бұл елге жиі барады, ал Үндістан азаматтары, оның ішінде еңбек мигранттары да Ресейге тұрақты түрде ұшып келеді. Мұндай жолаушылар легі кезінде қолданыстағы санитарлық және карантиндік шараларға қарамастан, инфекцияның сырттан келуін толықтай жоққа шығару мүмкін емес.

Гинцбург соңғы 25 жыл ішінде Нипах вирусының Үндістанда және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде тұрақты түрде тіркеліп келе жатқанын, оның ондаған адамның қаза болуына себеп болғанын атап өтті. Осыған байланысты ғалым елде аса қауіпті патогендердің тізімін қалыптастырып, оларға қарсы алдын ала вакцина прототиптері немесе резервтік қорлар дайын болуы қажет деп санайды.

Dbhec туралы не белгілі

Бұған дейін Үндістан билігі Батыс Бенгалия штатында Нипах вирусын жұқтырудың жаңа жағдайлары тіркелгенін хабарлаған. Инфекция, соның ішінде медицина қызметкерлерінен де анықталған. Шамамен жүзге жуық адам үйге карантинге жіберілген, науқастар Калькутта қаласы мен оған жақын аудандардағы ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Ауру жұқтырғандардың бірінің жағдайы өте ауыр деп бағалануда.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Нипах вирусын жоғары қауіп төндіретін патогендер қатарына жатқызады. Аурудың инкубациялық кезеңі төрт күннен 21 күнге дейін созылады, ал алғашқы белгілері көбіне айқын болмайды, бұл ерте диагностика жүргізуді қиындатады. Халықаралық ұйымдардың дерегінше, өлім-жітім деңгейі 75 пайызға дейін жетуі мүмкін.

Вирустың негізгі табиғи тасымалдаушысы — жемісқоректі жарқанаттар. Адамға инфекция жануарлармен тікелей байланыс кезінде немесе олардың биологиялық бөлінділерімен ластанған өнімдерді тұтыну арқылы жұғады. Вирус алғаш рет 1999 жылы Малайзия мен Сингапурда шошқалармен байланыста болған адамдар арасында анықталған.

Сарапшылар климаттың өзгеруі мен орташа температураның көтерілуі вирустық инфекциялардың таралу аймағын кеңейтіп, жаңа аурулардың пайда болуын жеделдетуі мүмкін екенін де атап өтеді.