Киото префектурасындағы Сэйка қаласында таңертең болған көшкіннен кейін қаланың кейбір аудандарында ең жоғары – бесінші деңгейдегі қауіп жарияланды.
Фото: earthobservatory.nasa.gov
ERNUR.KZ. Жапонияның метеорология агенттігі демалыс күндері елге Тынық мұхиты жағынан екі тайфун жақындап, кей өңірлерде құрлыққа шығуы мүмкін екенін ескертті. Елдің батысы мен шығысында нөсер жаңбыр әлі де жауып жатыр, деп inform.kz.
Метеорология агенттігінің болжамынша, екі тайфун бір-біріне жақындағаннан кейін әлсіреп, экстратропикалық циклонға айналады. Соған қарамастан тұрғындарға көшкін, су тасқыны және қатты жел қаупіне байланысты сақтық шараларын сақтау ескертілді.
Жапонияның Өрт және табиғи апаттармен күрес агенттігінің мәліметінше, жұма күні таңғы сағат 07:00-дегі жағдай бойынша Кинки және Кюсю өңірлеріндегі 13 префектурада 2 миллионнан астам тұрғынға эвакуациялау туралы нұсқау берілген.
Киото префектурасындағы Сэйка қаласында таңертең болған көшкіннен кейін қаланың кейбір аудандарында ең жоғары – бесінші деңгейдегі қауіп жарияланды.
Метеорология агенттігінің дерегінше, сейсенбі таңынан жұма таңына дейін Нагасаки префектурасындағы Гото қаласында 600 мм, ал Кумамото префектурасындағы Асо мен Сага префектурасындағы Уресино қалаларында 500 мм-ден астам жауын-шашын түскен.
Синоптиктер Окинава мен Жапонияның шығыс өңірлерінде қатты жел соғатынын да ескертті. «Хигос» тайфуны елдің оңтүстік жағалауын бойлай солтүстікке жылжыған сайын Токай және Канто өңірлерінде жаңбыр күшейеді деп күтіліп отыр.
Болжам бойынша, сенбі түске дейін Токай өңірінде 300 мм-ге дейін, ал Канто–Косин өңірінде 150 мм-ге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін.
Жұма күні сағат 11:00-дегі мәлімет бойынша, «Мекхала» тайфуны Окинавадағы Куме аралы жағалауында солтүстік-шығыс бағытта сағатына 15 шақырым жылдамдықпен жылжып бара жатқан.


