Трамп әкімшілігі грин-карта алу ережесін қатаңдатты

0
119

USCIS өкілі Зак Калердің айтуынша, АҚШ-та уақытша жүрген шетел азаматтары грин-карта алу үшін өз еліне оралып, өтінішті сол жақтан тапсыруы қажет.


Трамп әкімшілігі грин-карта алу ережесін қатаңдатты

Фото: magnific.com
ERNUR.KZ. АҚШ-та грин-карта алу тәртібі өзгерді. Енді көптеген шетел азаматы өтінішті АҚШ аумағында емес, өз елінде тапсыруға міндеттеледі, деп жазады Stan.kz.

22 мамыр күні АҚШ-тың Азаматтық және иммиграция қызметі (USCIS) енді өтініш берушілер көп жағдайда құжаттарын шетелден тапсыруға міндетті болатынын мәлімдеді. Сондай-ақ өтініш беру кезінде олардың АҚШ аумағында болуына рұқсат етілмейді.

USCIS өкілі Зак Калердің айтуынша, АҚШ-та уақытша жүрген шетел азаматтары грин-карта алу үшін өз еліне оралып, өтінішті сол жақтан тапсыруы қажет. Ерекше жағдайлар тек “төтенше мән-жайларда” ғана қарастырылады.

The Washington Post мәліметінше, АҚШ жыл сайын бір миллионнан астам грин-карта береді. Осы уақытқа дейін өтініш берушілердің жартысынан көбі құжаттарын АҚШ аумағында жүріп тапсырған.


Зак Калер студенттер, уақытша жұмысшылар мен туристер елге нақты мақсатпен және белгілі бір мерзімге келетінін айтты.

“Олардың сапары грин-карта алу процесінің алғашқы қадамына айналмауы тиіс”, – деді Зак Калер.

Жаңа ереже грин-картадан бас тартылғаннан кейін АҚШ-та заңсыз қалып қоятын шетел азаматтарының санын азайтуға бағытталған. Билік мұндай адамдарды кейін депортациялау үшін іздеуге тура келетінін атап өтті.

Дональд Трамп заңсыз миграциямен күресті президенттігінің басты басымдықтарының біріне айналдырып, елге заңды көші-қон жолдарын да кезең-кезеңімен шектеп келеді. Сайлауалды науқан кезінде ол миллиондаған заңсыз мигрантты елден шығаратынын уәде еткен болатын. Ал депортациялық рейдтер кезіндегі қатаң шаралар бірнеше рет наразылық тудырған.