Сирия мен Израиль атысты тоқтату туралы келісімге қол қойды

0
193

Келіссөзге АҚШ, Түркия және Иордания араағайындық етті.


Сирия мен Израиль атысты тоқтату туралы келісімге қол қойды

Фото: © istockphoto.com

ERNUR.KZ. Сирия мен Израиль атысты тоқтату туралы ресми келісімге келді. Бұл шешімге АҚШ-тың тікелей делдалдығы және Түркия мен Иордания секілді өңірлік державалардың қолдауы арқылы қол жетті, деп жазады Azattyq Rýhy.

Америка Құрама Штаттарының Түркиядағы елшісі Том Барак X әлеуметтік желісіндекелісімнің Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен Сирия президенті Ахмед аш-Шараа арасында жасалғанын мәлімдеді.

«Бұл келісімді Вашингтон ғана емес, Анкара, Амман және аймақтағы басқа да елдер қолдап отыр», – деді дипломат.

Қанқұйлы оқиғалар тізбегі 13 шілдеде басталған. Друздар мен бедуиндер арасында болған қақтығысқа саудагер-друздың ұрланып, соққыға жығылуы түрткі болған. Ертеңінде Сирия үкіметі Эс-Сувейда қаласына әскер кіргізген.

Осы ахуал аясында Израиль әскерилері Дамасктегі сириялық нысандарға әуеден соққы жасаған, бұл қадамды Израильдегі друздар қауымына жасалған қолдау деп түсіндірген.

Ал 17 шілдеде сириялық билік пен друз өкілдері жергілікті деңгейде уақытша бітімге келген болатын.

  • Тараптар атысты тоқтату туралы өзара міндеттеме алды
  • Аймақтағы этностар мен діни топтар – друздар, сунниттер, бедуиндер және басқа да азшылықтар – бірлік пен бейбітшілікке шақырылды
  • Сирия аумағында жаңа біртұтас ұлттық тұтастық құру ұсынылды.
«Сирия болашағы үшін этностар мен діндер бірігуі керек. Қару орнына – диалог пен бейбіт қоғам құрылуы қажет», – деді Том Барак.

Сирия мен Израиль арасындағы әскери шиеленіс онжылдықтар бойы жалғасып келеді. Екі елдің арасында 1967 жылғы Алты күндік соғыстан кейін Голан жоталары үшін талас жалғасып келе жатыр. Кейінгі жылдары Израиль мен Сирия арасында тікелей соғыс болмағанымен, делдал күштер арқылы қақтығыстар жиі тіркелді.