Сау аяқтан айырылу және қатарынан екі ауыр операцияның салдарынан әйел көз жұмды.
Фото: strategyl.ru
ERNUR.KZ. Өзбекстанның Ферғана облысында бұрынғы хирургия бөлімінің меңгерушісі Абдубаннап Мадалимов науқастың екі аяғын қателесіп кесіп тастаған, деп жазады stan.kz.
Сот материалдарына сәйкес, Адинахон Исомитдинова есімді науқас 2024 жылдың 18 қазанында клиникаға жеткізілген. Оған "II типтегі қант диабетінің ауыр түрі, декомпенсация сатысы, нейроишемиялық формадағы диабеттік табан синдромы, сол аяғының төменгі жіліншік тұсы кесілген, тізе буынының майдаланып сынуы" деген диагноз қойылған.
19 қазандағы операция кезінде дәрігер науқастың ауырған сол аяғының орнына сау оң аяғын жамбас тұсынан кесіп тастаған. Кейіннен сол аяғы да ампутацияланған.
Сау аяқтан айырылу және қатарынан екі ауыр операцияның салдарынан әйел 2024 жылдың 7 қарашасында көз жұмды.
2025 жылдың мамырында Абдубаннап Мадалимов кәсіби міндетін тиісінше орындамағаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол үш жылға дейін басшылық және дәрігерлік қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сот үкімі бойынша сотталушыдан жәбірленушінің заңды өкілі пайдасына 27,8 миллион сум (шамамен 1,2 миллион теңге) материалдық және 80 миллион сум (шамамен 3,4 миллион теңге) моральдық өтемақы өндірілді.
Апелляциялық сот бастапқы үкімді өзгеріссіз қалдырды.