Қытайдың жеті өңірінде су тасқыны қаупіне байланысты төтенше әрекет ету режимі енгізілді

0
106

Төтенше режим Фуцзянь, Цзянси, Хэнань, Хубэй, Хунань, Гуандун провинцияларында және Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында жарияланды


Қытайдың жеті өңірінде су тасқыны қаупіне байланысты төтенше әрекет ету режимі енгізілді

Фото: Синьхуа

ERNUR.KZ. Қытайдың Су ресурстары министрлігі «Ноул» тайфуны әкелетін нөсер жауынға байланысты елдің жеті өңірінде су тасқынына қарсы 4-деңгейлі төтенше әрекет ету режимін енгізді, деп жазады inform.kz.

Төтенше режим Фуцзянь, Цзянси, Хэнань, Хубэй, Хунань, Гуандун провинцияларында және Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында жарияланды. Бұл өңірлер Қытайдың шығыс, орталық және оңтүстік бөлігін қамтиды.

Ведомствоның мәліметінше, аталған аймақтардағы өзендерде, соның ішінде Чжуцзян, Янцзы және Хуайхэ өзендерінде су деңгейінің көтерілу қаупі жоғары.

Министрлік жергілікті су шаруашылығы органдарына ауа райын тұрақты бақылауды, тұрғындарға дер кезінде ескерту жасауды және су тасқынына қарсы инженерлік нысандарды тиімді пайдалануды тапсырды.

Биылғы 12-тайфун саналатын «Ноулдың» сенбі кешінен жексенбі таңына дейін жағалауға жетуі күтіледі. Осыған байланысты министрлік су тасқынына қарсы жұмыстарды үйлестіру үшін зардап шегуі мүмкін өңірлерге бес жұмыс тобын жіберді.

Сол күні Қытайдың Төтенше жағдайларды басқару министрлігі Цзянси мен Хунань провинцияларында геологиялық апаттар қаупіне байланысты 4-деңгейлі төтенше әрекет ету режимін енгізді. Ал Гуандун мен Фуцзянь провинцияларында бұған дейін жарияланған осындай режим күшінде қалды.

Министрлік құтқарушыларды, қажетті техника мен материалдық қорларды алдын ала қауіпті аймақтарға орналастыруды, сондай-ақ қауіп төнген елді мекендердің тұрғындарын дер кезінде эвакуациялауды тапсырды.

Қытайда су тасқынына байланысты төтенше жағдайларға әрекет етудің төрт деңгейлі жүйесі қолданылады. Оның ішінде 1-деңгей – ең жоғары дайындық деңгейі.