Талап-арызда президент британдық хабар тарату корпорациясынан 5 миллиард доллар өтемақы төлеуді талап етеді.
Фото: Flickr / Tim Loudon
ERNUR.KZ. АҚШ президенті Дональд Трамп британдық хабар тарату корпорациясын (BBC) жала жапты деп айыптап, 5 миллиард доллар көлемінде өтемақы өндіруді талап етіп, сотқа талап-арыз түсірді, деп жазады inform.kz.
Трамптың адвокаттары 2025 жылғы 15 желтоқсанда АҚШ-тың Флорида штатындағы сотқа жолданған талап-арызда ВВС-ді коммерциялық құқық нормаларын бұзды және 2021 жылғы 6 қаңтарда айтылған сөздерін «әдейі, қасақана және жаңылыстыратын түрде» монтаждады деп айыптаған. Онда Трамп ВВС-дің Panorama деректі бағдарламасында Капитолийге шабуыл жасалған күні сөйлеген сөзінен алынған үзінділер туралы айтқан.
Талап-арызда президент британдық хабар тарату корпорациясынан 5 миллиард доллар өтемақы төлеуді талап етеді.
ВВС басшылығы әзірге сотқа талап-арыздың берілуіне қатысты ресми түсініктеме жасаған жоқ.
Бұған дейін, қараша айында ВВС Дональд Трамптың сөздері монтаждалғаны үшін кешірім сұрағанымен, өтемақы төлеу талабын қабылдамаған. Корпорация бұл жағдайда жала жабу туралы айыптауға негіз жоқ екенін мәлімдеген.
Дональд Трамп сотқа жүгіну ниетін қараша айының басында жариялаған болатын.
— Мен осылай істеуім керек деп ойлаймын. Олар алдады. Мен айтқан сөздерді өзгертті, — деген Трамп журналистерге.
Осыдан кейін ол корпорацияға сотқа беремін деп ескерткен хат жолдаған.
Сондай-ақ жанжал британдық Telegraph басылымы ВВС редакциялық стандарттар комитетінің бұрынғы тәуелсіз кеңесшісі Майкл Прескоттың қызметтік жазбасын жариялағаннан кейін өршігені атап өтіледі. Құжатта Прескотт корпорация басшылығына Panorama бағдарламасында Дональд Трамптың сөзі мағынасы бұрмаланатындай етіп монтаждалғанын ескерткен.
Бұған дейін АҚШ президенті ВВС журналистерін өз сөзін бұрмалады деп айыптап, корпорацияны 1 миллиард доллар талап етіп сотқа беремін деп қорқытқаны хабарланған.


