Аптап ыстықтан Францияда сегіз ядролық реактордың қуаты төмендетілді

0
125

Мұндай шешім өзендердегі су температурасының рұқсат етілген деңгейден асып кетуіне байланысты қабылданды.


Аптап ыстықтан Францияда сегіз ядролық реактордың қуаты төмендетілді

Фото: Анадолу

ERNUR.KZ. Францияның EDF энергетикалық компаниясы аптап ыстыққа байланысты үш ядролық реактордың жұмысын уақытша тоқтатып, тағы сегіз реактордың қуатын төмендетті, деп жазады inform.kz.

Мұндай шешім өзендердегі су температурасының рұқсат етілген деңгейден асып кетуіне байланысты қабылданды.

Le Parisien басылымының мәліметінше, шектеулер «Гольфеш», «Бюже» және «Шо» атом электр станцияларындағы реакторларға қатысты енгізілді. Сонымен қатар «Сент-Альбан», «Блайе», «Бюже», «Шо» және «Трикастен» АЭС-теріндегі бірнеше реактордың қуаты азайтылды.

Францияның экологиялық талаптарына сәйкес, реакторларды салқындатуға пайдаланылатын өзен суының температурасы көтерілген жағдайда оператор энергия өндіру көлемін қысқартуға немесе реакторларды уақытша тоқтатуға міндетті. Бұл өзендердің қызып кетуіне жол бермей, жергілікті экожүйені қорғау үшін жасалады.

Еске салсақ, маусым айында EDF аптап ыстыққа байланысты екі ядролық реактордың жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. Ол кезде де мұндай шектеулер қоршаған ортаға түсетін салмақты азайту мақсатында енгізілген.

23 маусымда Францияда 1947 жылдан бергі метеобақылау тарихындағы ең ыстық күн тіркеліп, тәуліктік орташа температура 30 градусқа жетті. Аптап ыстық салдарынан Еуропаның бірқатар өңірінде ондаған адам қаза тауып, электрмен жабдықтау, мектептер мен туристік нысандардың жұмысы бұзылған еді.