Аптап ыстық пен медуза: Франциядағы АЭС-тер қуатының бестен бірі істен шықты

0
115

Атом энергетикасы Франциядағы электр энергиясының шамамен 70%-ын қамтамасыз етеді.


Аптап ыстық пен медуза: Франциядағы АЭС-тер қуатының бестен бірі істен шықты

Фото: Adobe stock

ERNUR.KZ. Францияда сәрсенбі күні атом электр станцияларының белгіленген қуатының 20%-дан астамы уақытша қолжетімсіз болды. Бұған құрғақшылық, аптап ыстық және медузалардың көбеюі себеп болған, деп жазады inform.kz.

Атом энергетикасы Франциядағы электр энергиясының шамамен 70%-ын қамтамасыз етеді. Биыл аптап ыстық пен құрғақшылық АЭС жұмысына бірнеше рет кедергі келтірді.

AFP агенттігінің EDF энергетикалық концернінің деректеріне негізделген есебіне сәйкес, сәрсенбі күні атом энергетикасы қуатының 20,4%-ы қолжетімсіз болды. Бұл «экологиялық шектеулер» мен «қоршаған ортаға байланысты сыртқы факторлар» салдарынан тіркелген жаңа рекорд.

Франциядағы 57 ядролық реактордың 13-інің жұмысына шектеу қойылды. Оның сегізі толығымен тоқтатылып, тағы бесеуі төмендетілген қуатпен жұмыс істеді.

Қуаттың айтарлықтай төмендеуіне Батыс Еуропадағы ең ірі Gravelines АЭС-індегі жағдай әсер етті. Ондағы алты реактордың бесеуі толық немесе ішінара тоқтатылды. Бұған салқындату жүйесінің сорғыларына медузалардың жиналып қалуы себеп болды.

EDF өкілінің айтуынша, теңіз суын тартатын сорғы станцияларына «бірнеше тонна медуза» түсіп, сүзгі жүйелерін бітеп тастаған. Станция жабдықтарын салқындату үшін Солтүстік теңіздің суын пайдаланады. Gravelines АЭС-інде дәл осындай жағдай бір жыл бұрын да болған.

Мамандар балықты шамадан тыс аулау, пластикпен ластану және климаттың өзгеруінен теңіз суының жылынуы медузалардың жаппай көбеюіне қолайлы жағдай туғызғанын айтады.

Басқа АЭС реакторларындағы тоқтау мен қуаттың төмендеуіне аптап ыстық пен құрғақшылық себеп болды. Өзендердегі су деңгейінің төмендеуі және температурасының көтерілуі кезінде EDF қоршаған орта мен биоалуантүрлілікті қорғау үшін электр энергиясын өндіруді азайтуға немесе толық тоқтатуға мәжбүр болуы мүмкін.

Colombus Consulting компаниясының энергетика жөніндегі сарапшысы Николя Голдбергтің айтуынша, әзірге Францияда электр энергиясының тапшылығы туындамайды. Тамызда электр тұтыну әдетте төмендейді, ал ел электр энергиясының ірі экспорттаушысы болып қала береді.

Алайда сарапшы алдағы 20–30 жылда климаттың жылынуына байланысты ескі атом реакторларын жаңа жағдайға бейімдеу Франция энергетикасы үшін елеулі сынаққа айналуы мүмкін екенін ескертті.