Америкалық биохакер және миллионер Брайан Джонсон емдеудің жаңа әдістерін сынақтан өткізу және трансплантациялауға арналған органдарды өсіру үшін өзінің нәресте кезіндегі «клонын» жасады.
Фото: CNA
ERNUR.KZ. Қартаюды баяулатату бойынша эксперименттерімен танымал жоғары технологиялар саласындағы 48 жастағы кәсіпкер тағы да назарға түсті. Жақында оған аутоиммунды гастрит диагнозы қойылғаны туралы хабарланған соң ол өзін сәтті «клондағанын» мәлімдеді.
— Мен өзімді жаңа ғана клондадым…жаңа туған нәресте түрінде, — деп жазды ол X-те.
Джонсон өзі жасаған клон болашақта оның «жеке қан доноры» болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай материалды сондай-ақ емдеудің жаңа әдістерін сынау, медициналық технологияларды әзірлеу, трансплантациялау үшін органдарды өсіру және жас жасушаларды енгізу үшін пайдалануға болады.
Джонсон өзінің клонының қазіргі уақытта зертханалық жағдайда – Петри ыдысында екенін хабарлады.
— Кейбір адамдар үшін бұл қорқынышты болып көрінуі мүмкін… антиутопиялық болашақтан келген нәрсе сияқты. Бірақ басқалары мұны медицина мен денсаулық сақтаудың сөзсіз болашағы ретінде қабылдайды. Клиникалық сынақтар бұл технологияны Паркинсон ауруы кезінде дофамин нейрондарын қалпына келтіру, сондай-ақ жүрек саулығы мен көру қабілетін жақсарту үшін қолданып жатыр, — деп жазды биохакер.
Брайан Джонсон деген кім
Брайан Джонсон — ми белсенділігін бақылау және өлшеу құрылғыларын әзірлейтін компанияның негізін қалаушы және бұрынғы бас директоры. Брайан Джонсон қатаң өмір салты кіретін қартаюға қарсы тәжірибелерімен ерекше танымал болды.
The Guardian жазуынша, ол күн сайын таңғы сағат 4:30–да оянады, сағат 11:00–ге дейін тамақтанады және кешкі сағат 20:30–да ұйықтайды.
Fortunе мәліметінше, Джонсон күн сайын таңғы сағат 05:00-те жиырма шақты препарат қабылдайды, шамамен 1977 «вегетариандық калория» диетасын ұстанады және бір сағат бойы жаттығулар жасайды. Содан кейін ол көк жарықты бөгейтін көзілдірік киіп, ұйықтайды.
Кәсіпкер бұдан басқа «гендік терапия» деп аталатын процедурадан өтті, қызыл жарық терапиясын үнемі қолданады және күн сайын денесінің көптеген биологиялық көрсеткішін мұқият бақылайды.


