Альпі тауларында миллиардерлерге арналған жерасты қоймалары салынып жатыр

0
70

Қойма ішіне кіру үшін бірнеше деңгейлі тексерістен өту қажет.


Альпі тауларында миллиардерлерге арналған жерасты қоймалары салынып жатыр

Фото: BILD

ERNUR.KZ. Швейцарияның Альпі тауларында әлемдегі ең дәулетті адамдарға арналған жерасты кешенінің құрылысы жүріп жатыр. 100 метрден астам тереңдікте орналасатын арнайы қорғалған аумақта бай-бағландар алтын, қаржы, өнер туындылары мен қымбат көліктерін сақтай алады. Жобаға кәсіпкер Томас Гассерге тиесілі "Brünig Mega Safe AG" компаниясы жауапты, деп жазады inbusiness.kz.

Басылымның ақпаратына сүйенсек, құрылыс жұмыстары 2026 жылдың қаңтарында басталған. Компания өкілі Хуго Шиттенхельмнің сөзінше, арнайы қорғалған аймақтың негізгі құрылысы аяқталған, алғашқы қоймалар 2028 жылы пайдалануға берілуі мүмкін. Бір үй-жайды 99 жылға жалға алу құны 1 миллион еуроға дейін жетуі ықтимал. Белгілі болғандай, алғашқы келісімшарттар жасалып та қойған.

Жоба бойынша тау ішінде барлығы 20-дан 25-ке дейін жеке қойма жабдықтау жоспарланып отыр. Оларды пайдалану құқығы жер тізіліміне ресми түрде тіркеледі, сондықтан да бұл орындар қарапайым банктік ұяшыққа қарағанда толыққанды жылжымайтын мүлікке ұқсайды. Меншік иелеріне ұрлықтан, сыртқы шабуылдардан және кез келген табиғи апаттардан толық қауіпсіздік кепілдігі беріледі.

Қойма ішіне кіру үшін бірнеше деңгейлі тексерістен өту қажет. Гассердің айтуынша, келушілер арнайы шлюз жүйесінен және қатаң бақылау процедураларынан өтуге тиіс.