АҚШ-та 8 млн адам жаппай наразылық шеруіне шықты

0
79

Шеру Дональд Трамптың саясатына қарсы өтіп жатыр.


АҚШ-та 8 млн адам жаппай наразылық шеруіне шықты

Фото: DW

ERNUR.KZ. АҚШ-тың түкпір-түкпірінде Дональд Трамптың саясатына қарсы «No Kings» ұранымен ауқымды шерулер өтті. Наразылық шараларына 8 миллионға жуық адам қатысқан, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бір күн ішінде АҚШ бойынша 3300-ден астам науқан ұйымдастырылды. Наразы топ президент билігінің күшеюіне, миграциялық шектеулерге және елдің қазіргі сыртқы саяси әрекетіне қарсылық білдіруде.

Нью-Йорк сияқты ірі мегаполистерде мыңдаған адам көшеге шығып, демократиялық құндылықтарды қорғауды талап етті. Сарапшылар бұл толқуды кейінгі жылдардағы ең ірі азаматтық белсенділік деп бағалап отыр.

Наразылықтың басты ошақтарының бірі – Миннесота штаты болды. Мұндағы халықтың ашуына миграциялық қызметтің іс-әрекеті себеп болған. Екі АҚШ азаматының қазасынан кейін басталған сын толқыны бүкіл елге жайылды.

Миннеаполистегі шеру кезінде атақты музыкант Брюс Спрингстин сөз сөйлеп, бұл науқанды азаматтық қоғамның тірі екендігінің белгісі деп атады:

«Бұл наразылықтар — елдегі болып жатқан әділетсіздікке деген халықтың шынайы үні», — деді өнер иесі.

АҚШ-тағы «No Kings» қозғалысын әлемнің өзге астаналары да қолдады. Ынтымақтастық науқаны Париж, Лондон және Лиссабон сынды қалаларда өтті.

Шетелдегі наразылық қатысушылары Дональд Трамптың отставкасын талап етіп, оның халықаралық аренадағы шешімдерін өткір сынға алды.