Көлікте тұрған бөтелкедегі суды ішуге болмайды!

0
173

Мамандар неліктен пластик бөтелкені көлікте қалдырмауға кеңес береді?


Көлікте тұрған бөтелкедегі суды ішуге болмайды!

фото: ЖИ

Дәл қазір екі көліктің бірінен пластик бөтелкеге құйылған суды көреміз. Көлік иелері оны түрлі мақсатта алуы мүмкін: жолай ішу үшін немесе су қажет боп қалар дейтін кез келген жағдай үшін. Яғни, қауіпсіздік мақсатында. Алайда дәл сол пластик бөтелкедегі су үлкен қауіптің көзі екенін екінің бірі білмейді.

Жаз мезгілінде күн астында тұрған көліктің іші қысқа уақыт ішінде қатты қызып кетеді. Егер сырттағы ауа температурасы +30...+35 градус болса, күн астында тұрған көлік ішіндегі температура өзгерісі былай болады:

  • 10 минуттан кейін көлік іші: +40°C
  • 30 минуттан кейін көлік іші: +48°C
  • 1 сағаттан кейін (күн астында): +60°C — +70°C-қа дейін жетеді!

Кейде одан да жоғары көтерілуі мүмкін. Осындай жағдайда көлікте қалған пластик бөтелкедегі суды ішу қауіпсіз бе?

Мамандардың айтуынша, бұл әдеттен бас тартқан дұрыс. Қызған көлік ішіндегі пластик бөтелкедегі суда бірнеше қауіп бар.

Дүкендегі су құйылған бір реттік мөлдір бөтелкелердің астында үшбұрыш ішінде «1» немесе «PET» деген жазу болады. Бұл пластик тек бір рет қолдануға және бөлме температурасына ғана арналғанын білдіреді. Ал жоғары температура мен күн сәулесінің әсерінен пластиктің құрылымы өзгеріп, суға микропластик бөлшектері мен басқа да қажетсіз қосылыстардың бөлінуі күшеюі мүмкін. Ыстық 50–70 градусқа жеткенде, бұл пластиктен суға сурьма (ауыр металл) және гормоналды жүйені бұзатын химиялық қосындылар бөліне бастайды.

Күн сәулесіндегі ультракүлгін сәулелер полимердің бұзылуын жеделдетеді. Соның салдарынан суда пластиктің иісі пайда болып, микроскопиялық бөлшектер көбейеді. Бөтелкені қайта-қайта ашып-жабу кезінде оның бетінде ұсақ жарықтар пайда болып, бұл процесс одан әрі күшейе түседі.


Ең үлкен қауіп – бактериялар

Микропластиктен де маңызды қауіп – бактериялардың көбеюі. Егер адам бөтелкеден бір рет су ішіп, оны ыстық көлікте қалдырса, ауыз қуысынан түскен микроорганизмдер жылы ортада тез көбейе бастайды. Ең қауіптісі, судың иісі немесе дәмі өзгермей тұрып-ақ бактериялар белсенді түрде көбейіп үлгереді.

Мұндай суды ішу ішек инфекцияларын, асқазанның бұзылуын, артық бактериялық өсуді, улануға ұқсас белгілерді тудыруы мүмкін.


Пластик бөтелке өртке себеп болуы мүмкін

Көпшілік ескере бермейтін тағы бір жайт бар. Су толтырылған мөлдір пластик бөтелке үлкейткіш әйнек сияқты әсер етіп, күн сәулесін бір нүктеге шоғырландыра алады.

Мұндай шоғырланған сәуле орындықтың қаптамасын күйдіріп, пластик бөлшектерді бүлдіруі мүмкін. Сирек болса да, кей жағдайларда бұл салон ішіндегі тұтану қаупін арттырады.


Қандай ыдыс қауіпсіз?

Мамандар суды ұзақ уақыт ыстықта қалдырмауға кеңес береді.

  • Егер өзіңізбен су алып жұру қажет болса, мүмкіндігінше термосқа құйып немесе термосөмкеге салып сақтаңыз.
  • Шыны ыдыстарды пайдалануға да болады. Дегенмен шыны бөтелкелердің қақпағы да көбіне пластиктен жасалатынын ескерген жөн. Сондықтан басты ереже – суды күн астында ұзақ уақыт қалдырмау.
  • BPA-Free таңбасы бар заманауи спорттық эко-бөтелке алуға боады. Бұл пластик ыстыққа төзімді және құрамында зиянды бисфенол-А заты жоқ.
  • Тот баспайтын болаттан жасалған термос-бөтелкелер суды ыстықтан қорғап қана қоймай, ішіндегі температураны 12-24 сағат бойы салқын күйінде сақтайды. Бұл жазғы көлік үшін ең үздік таңдау.
  • Қандай ыдысқа құйсаңыз да, күн сәулесі түспейтін көлеңкелі әрі салқын жерде (орындық астында, ұсақ-түйекке арналған бөлімде, т.с.с.) ұстауға тырысыңыз. Бұл әлдеқайда қауіпсіз.

Көлікте сақталған су қатты қызса, оны ішпеген дұрыс. Жартылай ішілген бөтелкені келесі күнге қалдырмаңыз. Күмән туса, суды төгіп, жаңасын алған жөн.

Жазғы ыстықта көлікте қалған бір бөтелке су зиянсыз болып көрінуі мүмкін. Алайда жоғары температура пластиктің бұзылуына, микропластиктің бөлінуіне және ең бастысы, бактериялардың қарқынды көбеюіне қолайлы жағдай жасайды. Сондықтан денсаулыққа қауіп төндірмеу үшін күн астында қызып кеткен суды ішпей, оны төгіп тастаған дұрыс. Кейде қарапайым сақтықтың өзі көптеген жағымсыз жағдайлардың алдын алады.

Дайындаған: Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЖАРТЫЛАЙ ДАЙЫН ТАҒАМДАР: денсаулыққа қауіпсізін қалай таңдаймыз?