​Шымкентте тұрғын үй сертификаттарына өтінім қабылдау 10 қарашада басталады

0
81


​Шымкентте тұрғын үй сертификаттарына өтінім қабылдау 10 қарашада басталады

Шымкент қаласында тұрғын үй сертификаттарын алуға өтінім қабылдау 2026 жылдың 10 қарашасынан басталады. Сертификат мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында ипотека арқылы баспана сатып алатын азаматтардың бастапқы жарнасының бір бөлігін өтеуге арналған.

Тұрғын үй сертификаты қайтарымсыз негізде беріледі. Оның көлемі ипотекалық қарыз сомасының 10 пайызын құрайды, алайда 1 миллион теңгеден аспайды.

Сертификат кімдерге беріледі?

Тұрғын үй сертификатын алуға құқығы бар азаматтардың санаттары:

  1. Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
  2. Жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
  3. Басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
  4. Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  5. Ерекше балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  6. Асырауында кәмелетке толмаған балалары бар жесір әйелдер мен ер адамдар;
  7. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталған көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар;
  8. Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  9. Толық емес отбасылар;
  10. Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының жұмыскерлері.

Табысқа қойылатын талап қандай?

Сертификат өтініш берушінің және онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы алты айдағы орташа табысы белгіленген шектен аспаған жағдайда беріледі.

Атап айтқанда, әрбір отбасы мүшесіне шаққандағы орташа айлық табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. 2026 жылы бұл көрсеткіш 157 638 теңгені құрайды.

Есептеу кезінде зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдар ескерілмейді.

Қандай құжаттар қажет?

Өтініш беру үшін төмендегі құжаттар талап етіледі:

  1. Белгіленген нысандағы өтініш;
  2. Соңғы алты айдағы еңбек және кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс туралы жұмыс орнынан анықтама (халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтардан талап етілмейді);
  3. Ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның мөлшері мен сомасы көрсетілген, тұрғын үй сатып алуға несие беруді мақұлдау туралы банктің хаты;
  4. Өтініш берушінің, жұбайының және кәмелетке толған отбасы мүшелерінің соңғы алты айдағы зейнетақы аударымдары туралы анықтамасы.

Өтініш қалай беріледі?

Тұрғын үй сертификатын алуға өтініштер amanat.ezekte.kz интернет-ресурсы арқылы қабылданады.

Өтініш берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы міндетті. Құжаттар әр аптаның дүйсенбі күндері қабылданады.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өтінім қабылдау 10 қарашада басталады.