Жасанды интеллект – жаһандық бәсекеге қабілетті ететін басты құрал

0
108

Бүгінде Қазақстан жасанды интеллекттің әлемді индексінде 121 елдің ішінде 58-орында тұр.


Жасанды интеллект – жаһандық бәсекеге қабілетті ететін басты құрал

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажеттігін тапсырды. Тиісінше, елімізде қазіргі құзырлы министрліктің негізінде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатын болды. Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек, Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде таныту үшін жұмысты жаңа тәсілдермен жүргізу керек.


Мемлекет басшысының бұл бастамасы Жаңа Қазақстанды одан әрі дамытуға ықпал етері сөзсіз. Өйткені, жасанды интеллект – елдің экономикалық, әлеуметтік және технологиялық тұрғыдан дамуына мол мүмкіндік беретін стратегиялық құрал. Оны кеңінен қолдану арқылы көптеген саланы жоғары деңгейге көтеруге болады.


Атап айтқанда, ЖИ-ді дамыту арқылы экономикалық өсімді жеделдетуге болады. Себебі, өндіріс пен қызмет көрсету салалары автоматтандыру арқылы өнімділік артатын болса, ЖИ негізінде жаңа нарықтар мен бизнес-модельдер қалыптасады. Сарапшылардың айтуынша, ЖИ 2030 жылға дейін әлемдік жалпы ішкі өнімді 15 трлн долларға дейін арттыруға мүмкіндік бермек. Сондықтан Қазақстан да осы үрдіске ілесу керек. Сондай-ақ, бұл технология мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, қағазбастылықты, сонымен бірге қоғамдық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы шығындарды азайтуға ықпал етіп, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қызметтер мен инфрақұрылымның сапасын арттыру, адами капиталды дамыту, әлеуметтік саланы жетілдіру, экологиялық бақылауды күшейту, қауіпсіздік және құқықтық жүйені жетілдіру сынды бағыттарға серпін сыйлайды.


Жасыратыны жоқ, Қазақстан Республикасы қазір жасанды интеллект саласын дамыту бойынша әлемдік деңгейдегі көшбасшы елдер қатарына кірмейді. Дегенмен мемлекет бұл бағытқа ерекше көңіл бөліп, нақты стратегиялық қадамдар жасап жатыр. Мемлекет басшысының Жолдаудағы сөздері мен бастамасы соның бір дәлелі.


Тағы бір айта кетерлік жағдай – бүгінде Қазақстан жасанды интеллекттің әлемді индексінде 121 елдің ішінде 58-орында тұр. Бұл көрсеткіш елімізде ЖИ саласына деген қызығушылық артқанын және инфрақұрылымның біртіндеп дамып келе жатқанын аңғартады. Негізгі көрсеткіштер бойынша Қазақстан орташа деңгейде тұрғанымен, қолданбалы жобалар саны көбейіп келе жатыр екен. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге 2021 жылы Қазақстан Үкіметінің «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ЖИ-ді дамыту бағыттарын белгілеуі, 2023 жылы «Жасанды интеллектті дамыту» тұжырымдамасының әзірленуі, мәліметтерді жинақтау, сақтау және өңдеу инфрақұрылымының жаңартылып жатқандығы оң әсерін тигізуде. Осы ретте білім беру және кадр даярлау, зерттеу, мемлекеттік басқару салаларына ЖИ енгізілсе, өзге де салаларда түрлі сынақтар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қала инфрақұрылымы және қаржы секторындағы қауіпсіздік бағыттарына ЖИ енгізуге басымдық берілген.


Себебі, сөз басында айтқанымыздай, жасанды интеллект – елді жаңа индустриялық деңгейге көтеретін, тиімді басқаруға жол ашатын, халықтың өмір сапасын арттыратын басты заманауи құралдардың бірі. Оны дұрыс бағытта дамыта алсақ, Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігі мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігі арта түседі.


Бахыт Басымбек,

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

Бөлісу