Сурет: ЖИ
Жұптар арасындағы нәзік қатынас кезінде барлық нәрсе маңызды: уақыт, жарық, айналадағы атмосфера және дыбыстар. Көптеген әйелдер бұл сәтте тым қатты дыбыс шығарудан немесе керісінше, тым үнсіз қалудан қымсынады. Ал бұл жан қалауына толық еркіндік беруге кедергі жасайды.
Ләззат үстіндегі үнсіздік те сәттің барлық әсерін бұзуы мүмкін. Бұл тек әйелдерге емес, ер азаматтарға да қатты әсер етеді. Егер әйел қымсынып, тұйықталып қалса, ер адам не істерін білмей тосылып қалады. Құштарлығы қайтып қалуы да мүмкін.
Сексологтардың зерттеуінше, ер адамдардың 90%-дан астамы үшін төсектегі шынайы дыбыстар мен ентігу – басты қоздырушы фактор. Ер адамның түпкі санасында серігінің дыбысы «Мен бәрін дұрыс істеп жатырмын, оған ләззат сыйлап жатырмын» деген өз-өзіне сенімділік ұялатады. Дыбыссыздық, керісінше, «Әйеліме ұнамай жатыр» деген ой салады.
Оңаша сәттегі дененің табиғи реакциялары неге ұят сезімін тудыратынын талдап көрейік. Бұл қымсыну қайдан шығады және қалай арылуға болады?
Дыбыстардан қымсыну қайдан пайда болады?
Әйелдердің (кейде ерлердің де) оңашадағы дыбыстардан ұялуының үш негізгі себебі бар.
Сырттан таңылған стандарттар
Бұл әдетте ғаламтор мен кино әлемінен қалыптасады. Фильмдерде оңаша сәттер тек романтикалық музыкамен өтіп, барлық дауыстар аса әуезді әрі эстетикалық түрде беріледі. Ал шынайы өмірде олай болмай жатса, адамдар «мен бірнәрсені қате жасап жатырмын» деген ойға келеді.
Ішкі ұяңдық
Бұл – екінші фактор. Төсекте өте тыныш болатын әйел «Еріме жеткілікті деңгейде ұнамай жатырмын» деп ойласа, тым еркін әрекеттететін әйел «Мені «көпті көрген» тым тәжірибелі немесе ұстамсыз, ұятсыз деп ойлап қалмай ма?» деп қорқады.
Жастық шақтағы тәрбие мен тыйымдар
Мысалы, ер-азаматтар өз эмоциясын ашық білдіруге қымсынады. Өйткені бала кезден «еркек эмоцияға берілмеуі керек» деген ұғым сіңген. Ал бойжеткендерге «төсекте де ұстамды, әдепті болу керек» деген мінез-құлық қалыптастырылған.
Шын мәнінде, интимдік қатынас – физиология мен психологияның тоғысуы. Бұл процесте тыныс алу жиілейді, қан қысымы өзгереді, гормондардың максималды бөлінуі орын алады. Сондықтан түрлі дыбыстар шығуы әбден қалыпты құбылыс.
Егер барлық процесті бақылауда ұстауға тырыссаңыз, рахаттану сезімі жоғалады. Сіз тек өз тынысыңызды, сырт келбетіңізді және дыбысыңызды бақылаумен боласыз да, соңында екі тарап та шынайы ләззаттан құралақан қалады.
Қандай дыбыстардан қысыламыз?
Барлық жағдайды бір мақалада қамту мүмкін емес, әркімнің өз ішкі қорқынышы бар. Дегенмен, әйелдерді ең көп қымсындыратын жағдайларды атап өтейік.
1. Ауаның шығуы (гарринг). Қозғалыс кезінде белгілі бір қалыптарда ағза ішіне ауа жиналып, қалып ауысқанда ол сыртқа шығады. Үн-түнсіз емес, өзіндік дыбыспен. Бұл дыбыс асқазан-ішек жолдарының жел шығаруына өте ұқсас болып келеді. Әйел адам осы жайттан ерінің алдында тартымдылығым төмендеп кете ме деп қатты қымсынады.
2. Тым қатты эмоция білдіру. Кей әйелдер табиғатынан өте эмоционалды келеді. Шарықтау шегінде олардың қатты демалғысы, эмоциясын дауыстап білдіргісі келеді. Бірақ ішкі қорқыныш: «Сырт көзге ұстамсыз болып көрінбеймін бе?», «Өтірік жасап жатыр деп ойламай ма?» немесе «Біреу естіп қояды. Балаларды оятып аламын» деген ойлар еркіндікке бөгет болады.
Егер әйел аузын қолымен жауып, демін ішке тартып, ешқандай үн шығармаса, бұл ішкі қысылудың белгісі. Бұлай істеу ер адамды алаңдаушылыққа түсіреді. Ол жұбына ұнап жатыр ма, әлде ауырсынып тұр ма – түсінбей қалады. Ал әйел бұл сәтте рахаттанудың орнына 90% күшін тыныштықты сақтауға жұмсайды.
4. Табиғи ылғалдылық дыбыстары. Сапалы жақындықтан сезімге берілу кезінде әйел ағзасында табиғи ылғал көп бөлінеді. Қозғалыс кезінде өзіндік ылғалды дыбыстардың шығуы толықтай физиологиялық процесс. Бұл қысылатын емес, керісінше, құштарлықты арттыратын жайт. Әйелдің серігін шынайы қалайтынын және процеске толық берілгенін көрсететін басты белгі.
Ішкі бақылауды босатып, еркін болу үшін...
Интимдік қатынас бір-бірін сынаудан, қатып қалған моральдардан еркін болуға тиіс. Шынайы ләззат алғыңыз келсе, барлық нәрсені бақылауды тоқтату керек. Ыңғайсыздықты жеңу үшін мына амалдарды жасап көріңіз.
Өз физиологияңызды қабылдаңыз. Ауаның сыртқа шығуы табиғи нәрсе және оның ешқандай жағымсыз иісі болмайды. Керісінше, бұл сіздердің анатомиялық тұрғыдан бір-біріңізге сай екендеріңізді білдіреді. Егер мұндай дыбыс шығып кетсе, қымсынбаңыз, күлімсіреңіз, жеңіл әзілге бұрыңыз да, жалғастыра беріңіз.
Тыныс алуды еркін жіберіңіз. Еркін әрі терең тыныс алу серігіңізге бәрі дұрыс екенін білдіріп қана қоймай, бұлшықеттегі кернеуді басады, қанды оттегімен байытады. Бұл шарықтау шегіне жетуге тікелей көмектеседі. Үйде балалар, басқа да адамдар болып, тым қатты дауыс шығаруға мүмкіндік болмаса, кем дегенде тыныс алуыңызды шектемеңіз.
Ашық сөйлесіңіз. Жұбыңызбен түрлі дауыстар туралы процесс кезінде емес, оған дейін немесе кейін ашық талқылаңыз. Көршілерден немесе балалардан қымсынсаңыз, оны айтыңыз. Кез келген ер адам оңашадағы «сезім үндерінің» оған ұнайтынын растайды.
Музыка қосыңыз. Егер мүлдем босаңсу мүмкін болмаса, жақындық кезінде баяу, әуезді музыка қойып қойыңыз. Музыка фон болып, өзіңізден шығатын дыбыстардан қымсынбауға көмектеседі.
Интимдік қатынас – мінсіз қойылым емес, екі адамның шынайы, еркін әрі табиғи сезімдерінің көрінісі. Денеңізге, эмоцияңызға және өз ағзаңызға сеніңіз. Өзін бар болмысымен қабылдайтын және табиғи болмысынан қорықпайтын әйел әрқашан ең тартымды әйел болып қала береді.
Дайындаған: Х. ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


