Түркістандық жастар Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды

0
98

Осы көктемгі шақыру науқаны аясында облыстан 2500-ден астам азамат әскер қатарына шақырылады.


Түркістандық жастар Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды

Түркістан қаласында жас сарбаздарды әскерге шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы Жастар ресурстық орталығының амфитеатрында Отан қорғау жолына бет бұрған жас сарбаздарды әскерге салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Қарулы күштер қатарына қосылған 50 түркістандық жас алдағы бір жыл бойы Қонаев қаласындағы инженерлік-саперлік құрама әскери бөлімінде қызмет атқарып, ел тыныштығын күзетеді.


Іс-шараға Ұлттық ұлан әскери бөлімінің мерзімді қызмет сарбаздары, әскери және соғыс ардагерлері, сондай-ақ шақырылушылардың туыстары мен достары қатысты.


Салтанатты жиында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары майор Қуанышбек Кулумбаев әскери борыштың әрбір азамат үшін қасиетті міндет екенін атап өтті. Ол жас сарбаздарға сәттілік тілеп, олардың ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын жеткізді.


– Бүгінгі іс-шараны біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арнап өткізіп отырмыз. Облысымыздың қала-аудандарынан әскери қызметке жарамды деп танылған азаматтарды салтанатты түрде әскер қатарына аттандырудамыз. Бұл шара жастарымызды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге үлкен серпін беретініне сенімдімін, – деді ол.


Сондай-ақ, облыстық Қарулы күштер ардагерлері кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Бабай Алдабергенов сарбаздарға ақ жол тілеп, әскер мектебінің тәрбиесін алу – әр азаматтың өмірінде болатын қайталанбас тәжірибенің бірі екенін атап өтті.


– Әскер – нағыз өмір мектебі. Онда үлкенге құрмет көрсетуді, тәртіп пен жауапкершілікті үйренесің. Қазіргі жастарға айтарым – әскерден қашпай, борышын абыроймен өтеп келуі керек, – деді ардагер.


Айта кетейік, осы көктемгі шақыру науқаны аясында облыстан 2500-ден астам азамат әскер қатарына шақырылады.

Бөлісу