Астанада 74 адам ХҚКО қызметкерлері арқылы жүргізуші куәлігін заңсыз алған

0
119

Осы заңсыз схема арқылы 2025 жылы 74 адам жүргізуші куәлігін алған.


Астанада 74 адам ХҚКО қызметкерлері арқылы жүргізуші куәлігін заңсыз алған

Фото: zakon.kz
ERNUR.KZ. Астана қаласында жүргізуші куәлігін заңсыз рәсімдеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды, деп жазады Stan.kz.

Тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізді. Нәтижесінде қылмыстық топ құрамында Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері мен делдалдар болғаны анықталды.


Тергеу мәліметінше, олар өзара міндеттерді бөліскен. Делдалдар орталық ғимаратының маңында тұрып, жүргізуші куәлігін алуға келгендерге теориялық емтихан сұрақтарының жауабын айтып отырған. Ал орталық қызметкерлері ақпараттық базаға практикалық емтиханнан өткені туралы жалған мәлімет енгізген.

Осы заңсыз схема арқылы 2025 жылы 74 адам жүргізуші куәлігін алған.

Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. Олар – 262-бап (Ұйымдасқан топты немесе қылмыстық ұйымды құру және оған басшылық ету, сол сияқты оған қатысу) және 206-бап (Ақпаратты құқыққа қайшы жою немесе түрлендіру).

Алты күдікті қамауға алынған. Тағы үшеуі елден кетпеу туралы қолхатпен босатылса, біреуі үйқамаққа алынған.

Заңсыз жолмен жүргізуші куәлігін алған 74 адамның құжатының күші жойылды. Қылмыстық іс соттың қарауына жіберілді.