АҚШ-та ЦРУ мердігері құпия ақпаратты жариялады деген күдікпен қамауға алынды

0
125

Тергеу нұсқасы бойынша, ол бұл мәліметтерді интернетте жариялаған сүйіктісіне берген.


АҚШ-та ЦРУ мердігері құпия ақпаратты жариялады деген күдікпен қамауға алынды

ERNUR.KZ. АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы (ФТБ) Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) мердігері Иэн Бринксманды ұлттық қорғанысқа қатысты құпия ақпаратты заңсыз бергені үшін айыптап, қамауға алды, деп жазады baq.kz.

Тергеу нұсқасы бойынша, ол бұл мәліметтерді интернетте жариялаған сүйіктісіне берген.

АҚШ Әділет министрлігінің мәліметінше, 42 жастағы Бринксман 2020 жылдан бастап мемлекеттік мекемелердің бірінде жұмыс істеген. Ал 2022 жылдан бастап мердігер компанияда жүйелік интеграциямен айналысқан. Оның аса құпия ақпаратқа қол жеткізуге рұқсаты болған.

Тергеушілердің мәліметінше, ол қызметтік міндеттеріне кірмейтін ақпаратқа қол жеткізіп, бұл деректерді қарым-қатынаста болған әйелге берген. Сонымен қатар оның мәліметтерді жариялау ниетін білген.

Бринксманның сүйіктісі Substack платформасында блог жүргізген. 2026 жылғы қыркүйекте ол АҚШ-тың мемлекеттік мекемелерінің біріндегі құпия бағалауларға негізделген материалдарды жариялағанын хабарлаған. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде құпия ақпараттың сыртқа шығуына қатысты мәліметтерді қабылдайтынын жазған.

ФТБ директоры Кэш Пател күдіктінің қорғаныс саласындағы құпия мәліметтерді беру арқылы берген антын бұзғанын мәлімдеді.

“ АҚШ құпияларын қорғау – ФТБ-ның қарсы барлау қызметіндегі басты басымдығы. Үкіметтің сенімін теріс пайдаланып, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін және әскери қызметшілерімізге қауіп туғызатын кез келген адам заң алдында барынша қатаң жауап береді “, – деді ол.

Ал ЦРУ директоры Джон Рэтклифф құпия ақпаратты рұқсатсыз жариялау ұлттық қауіпсіздікке, барлау көздеріне, жүргізіліп жатқан операцияларға және басқарма қызметкерлеріне елеулі қауіп төндіретінін атап өтті.

АҚШ Әділет министрлігі тағылған айыптар сотта дәлелденуі керек екенін еске салды. Сот айыптау үкімін шығарғанға дейін Иэн Бринксман кінәсіз деп есептеледі.