Түркістандық делегация Хэйлунцзян провинциясының кәсіпкерлерімен келіссөз жүргізді

0
69

Түркістан облысы делегациясы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге және жаңа өзара іс-қимыл бағыттарын қарастыруға дайын екендігін жеткізді.


Түркістандық делегация Хэйлунцзян провинциясының кәсіпкерлерімен келіссөз жүргізді

Түркістан облысының делегациясы Қытайдың Хэйлунцзян провинциясының кәсіпкерлерімен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы делегациясының Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапары жалғасуда.


Қытайға жұмыс сапары барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Хэйлунцзян провинциясына барып, провинцияның вице-губернаторы Чжан Цисянмен келіссөздер жүргізді.


Еске сала кетейік, осы жылдың мамыр айында Хэйлунцзян провинциясының вице-губернаторы Түркістан қаласына ресми сапармен келіп, екі өңір арасында бауырластық қарым-қатынас орнату жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын. Бүгінгі кездесу осы келісімнің жалғасы ретінде өңіраралық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған маңызды алаңға айналды.


Сапар барысында Түркістан облысы мен Хэйлунцзян провинциясының кәсіпкерлері арасында B2B форматында келіссөздер жүргізіліп, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды. Түркістан облысы делегациясы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге және жаңа өзара іс-қимыл бағыттарын қарастыруға дайын екендігін жеткізді.


Сонымен қатар Талғат Қозбеков өңірдің басты халықаралық алаңына айналған Түркістан халықаралық инвестициялық форумына тоқталды. Форум жыл сайын қазан айының соңында дәстүрлі түрде өткізіліп, оған 1 мыңнан астам отандық және шетелдік кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады. Облыс әкімінің орынбасары осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Хэйлунцзян провинциясының өкілдері мен кәсіпкерлерін алдағы форумға қатысуға шақырды.


Іссапар аясында Хэйлунцзян провинциясының билік пен бизнес өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Кездесулер барысында құрылыс материалдары, азық-түлік, жеке гигиена және күтім тауарлары, сондай-ақ астық пен май өндірісі салаларындағы компаниялармен ықпалдастық мәселелері қарастырылды.

Бөлісу