Бауыр трансплантациясы сәтті орындалды.
Түркістан облысында баласы анасына бауырын бөліп беріп, ағза ауыстыру трансплантациясы сәтті өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бауыр трансплантациясы – хирургия саласындағы ең күрделі және жоғары дәлдікті талап ететін операциялардың бірі. А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы басқарма төрағасы, профессор, академик Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен және орталықтың жоғары білікті мамандарының қатысуымен Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында өңірде екінші рет бауыр трансплантациясы сәтті орындалды.
Науқас – 54 жаста.
Диагнозы: MELD – 26 балл, бауыр циррозы. Науқас бірнеше жыл бойы гастроэнтерологтың диспансерлік бақылауында болған. Ұзақ уақыт ем қабылдағанына қарамастан, жағдайы нашарлап, бауыр трансплантациясы өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы болды.
Донор – науқастың 24 жастағы ұлы. Ол өз еркімен донор болуға келісім беріп, толық медициналық тексеруден өтті. Абсолюттік қарсы көрсетілімдер анықталған жоқ.
Операцияны А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы мен Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының мамандарынан құралған бірлескен команда өткізді.
Хирург-трансплантологтар: Дүниежүзілік гепатохирургтер қауымдастығының мүшесі, ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі, профессор, академик Б.Баймаханов, М. Досханов пен Ж. Оспан.
Анестезиологтар: Т.Қуандыков, В.Мутагиров.
Қазіргі таңда науқас дәрігерлердің динамикалық бақылауында. Операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтуде, трансплантацияланған бауырдың қызметі біртіндеп тұрақтануда.
Бұл – Түркістан облысында жасалған екінші бауыр трансплантациясы. Аталған маңызды оқиға өңірдегі трансплантологияның дамуына жаңа серпін берді.

 
                        

 
                         
                    









 
                     
                     
                     
                     
                    
