Ең көп көрсеткіш Түркістан облысына тиесілі.
Түркістан облысының 56 педагогы жаңа көшбасшылар қатарына енді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылдан бастап Президенттік жастар кадрлық резерві үлгісінде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасын іске асырып келеді.
Жоба мақсаты – білім беру жүйесін жаңғыртуға, басқару тиімділігін арттыруға және оң өзгерістерді жүзеге асыруға қабілетті жаңа буын көшбасшыларын даярлау.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жобаның қорытынды кезеңінде кадрлық резервке енген педагогтермен арнайы кездесіп, сертификаттар табыстады.
Биыл 411 үміткер қорытынды бағалаудан өтіп, әңгімелесуге шақырылса, нәтижесінде 403 қатысушы кадрлық резервке қабылданды. Соның ең көп көрсеткіші Түркістан облысына тиесілі – 56 педагог.
«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында қатысушылар базалық, сараптамалық және кәсіби деңгей бойынша дайындықтан өтті.
Жобаны сәтті аяқтап, кадрлық резервке енген педагогтар бос басшылық лауазымдарға конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ тағайындалу құқығына ие болды.
Айта кетсек, жоба басталғалы бері Түркістан облысының білім беру ұйымдарынан 1200-ден астам педагог бағдарламаға қатысып келеді.
2023 жылы – 26, ал 2024 жылы – 43 педагог резервке енді.
Осылайша екі жыл ішінде жалпы 69 педагог (47 басшы орынбасары, 22 педагог) резервке енді. Олардың 53-і (78%) бүгінде лауазымға тағайындалған, соның ішінде 45-і – басшы, 8-і – басшының орынбасары қызметін атқарып жүр.
Бұл көрсеткіш Түркістан облысының педагогтеры білім сапасын арттыру, басқару мәдениетін дамыту және білім беру саласында жаңа серпін қалыптастыру жолында табанды еңбек етіп келе жатқанын дәлелдейді.


