Түркістанда республикалық театрлар фестивалі басталды

0
107

Құрманбек Жандарбековтің 120 жылдығына арналған


Түркістанда республикалық театрлар фестивалі басталды

Түркістанда «Қазақтың Құрманбегі» республикалық театрлар фестивалі басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласында Қазақстанның Халық әртісі, Кеңес дәуіріндегі қазақ опера әншісі, режиссер, көрнекті театр және кино актері Құрманбек Жандарбековтің 120 жылдығына арналған «Қазақтың Құрманбегі» І республикалық театрлар фестивалінің ашылу салтанаты өтті.


Салтанатты рәсімде КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, кино және театр актері, режиссер, театр педагогы, профессор, Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті Асанәлі Әшімов және облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты театрлар фестивалінің ашылуымен құттықтап, елдің әр аймағынан Түркістанға келіп, мәдени ауқымды шараға қатысып, бақ сынып жатқан театр ұжымдарына алғыс білдірді.


Сондай-ақ шараға қатысып жатқан 13 театр ұжымы арнайы қызыл кілеммен жүріп өтіп, оларға құрмет көрсетілді. ҚР эстрадасының жұлдызы Маржан Арапбаева әннен шашу шашты.


Фестивальдің мақсаты – театр ұжымдары арасындағы шығармашылық байланыстарды нығайту және халықаралық театр үдерісіне интеграциялау, сондай-ақ Құрманбек Жандарбековті мәңгі есте қалдыру, эстетикалық деңгейін арттыру және кәсіби қарым-қатынас құру.


Байқауға төрелік ететін қазылар алқасының құрамында еліміздің театр саласының майталмандары, профессорлар, өнертану ғылымдарының кандидаттары мен театр директорлары бар. Ал қазақ қазақ өнерінің тау тұлғасы Асанәлі Әшімов арнайы қонақ ретінде қойылымдарға қатысуда. Әр қойылымнан кейін қазылар алқасы талқылау жасап, бағасын береді.


Айта кетейік, фестиваль 16 қазанға дейін жалғасатын болады.

Бөлісу