Түркістанда «Абай жолы» деректі фильмі көрсетілді

0
120

Іс-шара ашық аспан астында өтті.


Түркістанда «Абай жолы» деректі фильмі көрсетілді

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Абай жолы» деректі фильмінің көрсетілімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік аясында, ашық аспан астында «Абай жолы» деректі фильмінің көрсетілімі өтті.


Кешкілік уақытта өткен бұл ерекше форматтағы іс-шараға қала тұрғындары мен кітапхананың тұрақты оқырмандары, барлығы 100-ге жуық адам қатысты.


Қазіргі оқырман сұранысына сай ақпаратты тек мәтіндік емес, визуалды түрде қабылдау үрдісі артып келе жатқан заманда, кітапхана да өз қызметін жаңаша форматта ұсынуға бет бұрды. Сол себепті «Абай жолы» деректі фильмі ашық аспан астында көпшілік назарына ұсынылды.


Көрсетілім барысында оқырмандар Абай тұлғасының көркем бейнесі мен заманына терең бойлап, фильм арқылы оның ғибратты ғұмыры жайлы тың деректер алды.


Ашық аспан астындағы бұл рухани кеш көрермендерге ерекше әсер сыйлап, олардың тарапынан жылы пікірлер мен шынайы алғыстар айтылды. Кітапхана ұжымы тарапынан осы форматтағы көрсетілімдерге сұраныстың жоғары екені ескерілсе, оқырман қызығушылығына орай алдағы уақытта «Фараб кинотеатры» жобасын тұрақты түрде жалғастыру жоспарланып отыр.


Аталған жоба шеңберінде жыл соңына дейін түрлі деректі және көркем фильмдер көрсетіліп, әрбір кинотуындыдан кейін тақырыптық талқылаулар, пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылмақ.

Бөлісу