ТҮРКІСТАН: Жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді

0
67

Білім нысандары – басты назарда.


ТҮРКІСТАН: Жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді

Түркістан облысында қысқы жылыту маусымына дайындық пысықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 2025-2026 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осыған орай облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте қысқы маусымға әзірлік барысы кеңінен талқыланды. Жиын барысында жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеліп, өңір жылыту маусымына толық дайын болуы керектігі қатаң ескертілді.


Облыс басшысы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік және мәдениет, спорт салаларындағы нысандардың жылыту жүйелері түгелдей тексеріліп, жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ жылыжай иелері мен жеке тұрғын үйлердің иелері қыс түспей тұрып, алдын ала қамдану қажеттігі айтылды.


– Әрбір мекеме алдын ала дайын болса қыс мезгілі еш қиындықсыз өтеді. Сондықтан әркім өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Жылыту маусымына дайындық жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп, дер кезінде толық аяқталсын. Алдағы қытымыр кезеңге сақадай сай болуымыз керек, – деді Нұралхан Көшеров.


Білім нысандары – басты назарда. Облыс әкімі білім беру мекемелеріндегі жылыту жүйесіне ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Егер аудандық білім бөлімдерінің басшылары дайындық жұмыстарын кешіктірсе немесе салғырттық танытса, олардың жауапкершілігі қаралатыны ескертілді. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс деңгейінде қатаң бақылауға алынды.


Отырыста энергетика және инфрақұрылым салаларындағы дайындық пысықталды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің мәлімдеуінше, өңірдегі дайындық жұмыстары өңірлік штабтың тұрақты бақылауында. Қазіргі таңда облыста жылумен қамтамасыз ететін 7 кәсіпорын қызмет көрсетуде. Оның ішінде 1 жылу энергетикалық кешен, 36 орталықтандырылған қазандық, 2 083 автономды қазандық бар.


Бұл нысандарда жылыту маусымына дайындық аясында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Электрмен қамтамасыз ету бағытында 1 239 шақырым электр беру желісі, 26 қосалқы станция, 465 трансформатор қондырғысына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Qazaq Gaz» АҚ тарапынан 2025-2026 жылдарға арналған жөндеу жұмыстары толық аяқталған.


Орталық жылу беру ұйымдарының дайындығына 7,8 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 7,7 млрд теңге бюджет есебінен бөлінген.


Кентау қаласында жылу энергетикалық кешен жаңғыртылып, 14,5 шақырым магистральды жылу желілері қайта құрылуда. Созақ ауданындағы Қыземшек кентінде қазандықтар ауыстырылып жатыр. Төлеби ауданында 1,1 шақырым жылу желісі жаңартылып, жылу қазандығы жөнделген. Отырар ауданының Шәуілдір елді мекеніндегі жылу қазандығы ағымдағы жөндеуден өтті. Арыс қаласы мен Сарыағаш ауданында жыл сайынғы жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталды. Түркістан қаласындағы 18 орталықтандырылған қазандықтың барлығында қысымдау жұмыстары толық жүргізілді. Сонымен қатар орталық қазандықтарға резервтік отын түрлерін орнату жұмыстары жүріп жатыр.


Әлеуметтік нысандардың жылу жүйелеріне де қысымдау жұмыстары жүргізілген. Облыс бойынша көмір отынына деген жалпы қажеттілік – 600,1 мың тонна. Бюджеттік мекемелердің қамтамасыз етілуі кестеге сай жүргізілуде. Сонымен қатар жеке тұрғындар мен жылыжай иелеріне де қажетті отынды алдын ала сатып алып, қамдану қажеттігі ескертілді.


Жылыту маусымына дайындық жұмыстарын уақытында әрі сапалы аяқтау барлық аудан, қала әкімдіктеріне тапсырылды. Жұмыстар белгіленген жоспарға сай, штаттық режимде және тұрақты бақылауда жүзеге асырылуда.

Бөлісу