«10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» жобасы шеңберінде 8300-ден астам жаңа жұмыс орны ұсынылды.
Түркістан облысында жыл басынан бері 74 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен 2025 жылдың алғашқы жеті айында атқарылған жұмыстар бойынша кеңейтілген жиын өтті.
Мәжіліске Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, туризм, кәсіпкерлік және сауда, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары, «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ басшылары мен өкілдері қатысты.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Әсия Темірбаева атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ұсынысын жеткізді. Ал басқарма басшысының орынбасары Алмас Әбдіқадыровтың баяндауынша, жыл басынан бері өңірде 130 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделіп, бүгінде 74 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Оның 35 812-і тұрақты, 38 215-і уақытша субсидияланған жұмыс орындарына орналасқан. Сонымен қатар ұлттық жобалар арқылы 2 700-ден астам азамат, жеке инвестициялық жобалар аясында 1400-ге жуық адам еңбекке тартылған. Жобалардың басым бөлігі құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жол салалары арқылы іске асты. Сонлай-ақ денсаулық сақтау, мәдениет салалары бойынша да жаңа жұмыс орындары ашылған. Бұдан бөлек, «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» жобасы шеңберінде 8300-ден астам жаңа жұмыс орны ұсынылды.
Өңірдегі жұмыс орындарының көбеюіне жеке тартылған инвестициялық жобалар да ықпал етуде. Биыл облыста жеке қаржы есебінен 125 жоба жүзеге асырылуы керек. Бүгінде оның 88-і іске қосылып, 1398 адам тұрақты жұмысқа қабылданды. Жобалар негізінен ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және туризм салаларына тиесілі. Бұл ауылдық жерлердегі жұмыссыздықты азайтуға оң әсерін тигізбек.
⠀
Мәжілісте кәсіп бастаймын деген азаматтарға да жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқаны айтылды. Мәселен, жыл басынан бері 859 адам мемлекеттік қайтарымсыз грант иегері атанған. Оның ішінде 40-қа жуығы пробация есебінде тұрған азаматтар.
– Халықты жұмыспен қамту – бұл жай ғанакөрсеткіш үшін атқарылатын жұмыс емес. Әрбір азаматтың нақты табысқа, кәсіби өсуге жәнетұрақты еңбекке қол жеткізуі – біздің басты мақсатымыз. Әсіресе, жастар мен әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету мәселесі назардан тыс қалмауға тиіс, - деп жиынды қорытындылаған Бейсенбай Дәулетұлы жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.