Жылыжайлардың 9,54 гектары көмірмен, 13,48 гектары табиғи газбен жылытылады.
Бір жерден бірнеше өнім алу ісі Жетісай ауданында да кеңінен қолға алынған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтіңтапсырмасына сәйкес бір жерден бірнеше өнім алу ісі Жетісай ауданында да кеңінен қолға алынған. Бұл бағытта арнайы дайындалған жылыжайлардың да көлемі жыл сайын арта түсуде. Нақтырақ айтар болсақ, биылғы жылы ауданда 129 фермерге тиесілі жылыжайларда қызанақ, қияр, болгар бұрышы, баялды, лимон және гүл көшеттері егілген. Жылыжайлардың 9,54 гектары көмірмен, 13,48 гектары табиғи газбен жылытылады.
Жетісай ауданының әкімі СерікМамытов Атамекен ауылдық округіндегі жылына бірнеше өнім алуды жолға қойған Берік Байымбетовтың жылыжайында болды.
1,64 гектар аумаққа орналасқан жылыжай ағын суды үнемдеп, өнім көлемін арттыру мақсатында тамшылатып суғару әдісін қолданады. Міне, осындай қиын кәсіптің арқасында табиғи таза өнім өндіріп, жергілікті тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып келеді. 1 гектарға лимонның «Мерри» сортын ексе, қалған 0,64 гектарына қияр егеді. 10-ға жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.
Осыдан 5 жыл бұрын егілген лимонның әр түбінен 100 келіге дейін өнім алу жоспарланып отырған жылыжай иесінің табиғи таза өніміне Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарымен қатар Шымкент қаласынан да сұраныс жоғары. Бағасы да жаман емес, келісі 1000-1200 теңге.
Мемлекеттік қолдаудың қосымша шарасы ретінде жылыжай шаруашылықтарына энергия ресурстарына арналған шығыстарды субсидиялау туралы ҚР Үкіметінің шешімі қабылданғалы ауданда жылыжай салу ісіне қызығушылардың саны артып, бүгінде 23,5 гектарға жеткен. Оның 5,8 гектарына қызанақ, 4,3 гектарына қияр, 1,5 гектарына баялды және балгар бұрышы дақылдары мен 1 гектарға лимон егіліп, ішкі рыноктың сұранысын қамтамасыз етіп отыр.
– Лимон 40-60 жыл өмiр сүретін өсімдік. Алғашқы жемiсiн 2 немесе 3 жылда бередi. Өйткенi, бұл баяу өседі. Сондықтанлимон өсіруде асқан шыдамдылық қажет. Кейде осындай күтіммен банан, киви сияқты тропикалық жемiстердi де жүрексінбей жылыжайларда өсiруге болатын сияқты, –деген шаруашылық төрағасы алдағы уақыттарда жылыжай аумағын кеңейтiп, өнiм түрлерiн көбейпек ниетте екенін жеткізді.

 
                        

 
                         
                    









 
                     
                     
                     
                     
                    
