ТҮРКІСТАН: Жетісайлықтар ғасыр жасаған соғыс ардагеріне құрмет көрсетті

0
88

105 полк құрамында қызмет еткен.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлықтар ғасыр жасаған соғыс ардагеріне құрмет көрсетті

Жетісайлықтар ғасыр жасаған соғыс ардагеріне құрмет көрсетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов ІІ Дүниежүзілік соғыстың аудандағы соңғы сарбазын ғасыр тойымен құттықтап, сый-сияпат жасады. Деніне саулық тілеп, сұрапыл соғыста от кешіп, кеудесін оққа төсеген ардагерлердің ерліктері ел есінде мәңгіге сақталатынын айтты.


Бүгінде 100 жасқа толған Папков Петр Кузьмич 1925 жылдың 20 маусымында Татарстан Республикасының Максимовка селосында дүниеге келген.


1942 жылы әскерге алынған Петр Кузмич 73 гвардиялық армияға түсіп, 105 полк құрамында қызмет еткен. Киев, Бухарест, Венгрия қалаларын азат ету шайқастарына қатысқан, құрылыс батальонында жүргізуші, құрылысшы болған майдангер 1950 жылы әскерден оралған. Қанды қырғынның соңғы нүктесін қойып, елге келгеннен кейін тұралап қалған ауыл шаруашылығы саласында, ауылдарды қалпына келтіру ісінде аянбай еңбек еткен. Трактор тізгіндеп, зейнетке шыққанша адал еңбек еткен. Ұлы Отан Соғысы мен Еңбек ардагері, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.


Бұған дейін қарт майдангерге өткен жылы баспана кілті табысталса, «9 мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың мерекелік құттықтаулары, 5 млн. теңге қаржының сертификаты, мерекелік себеттер тарту етілген болатын.

Бөлісу