ТҮРКІСТАН: Жас волейболшылар «Ұлттық мектеп лигасында» күміс жүлде иеленді

0
132

12-19 мамыр күндері аралығында өткен елордалық финал шынымен де нағыз мықтылардың сайысы болды.


ТҮРКІСТАН: Жас волейболшылар «Ұлттық мектеп лигасында» күміс жүлде иеленді

Арыстың жас волейболшылары «Ұлттық мектеп лигасында» күміс жүлде олжалады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласынан шыққан жас спортшылар тағы бір мәрте ел мақтанышына айналды. Дермене ауылдық округіндегі Ж.Тәшенов атындағы мектептің оқушылары волейболдан өткен республикалық «Ұлттық мектеп лигасында» күміс жүлдеге ие болып, өңіріміздің абыройын асқақтатты.


Жерлестеріміз жарыс жолында талай белесті бағындырып, өз шеберліктері мен командалық рухтарын баршаға дәлелдеді. Алдымен қалалық іріктеуде қарсыластарынан басым түсіп, облыстық кезеңге жолдама алды. Мұнда да қарсы келген барлық аудандар мен қалалардың мықты командаларын жеңіп, республикалық додаға жол ашты.


12-19 мамыр күндері аралығында өткен елордалық финал шынымен де нағыз мықтылардың сайысы болды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен іріктелген жеңімпаз командалар Астана төрінде бас қосты. Осы тартысты додада арыстық жастар бірінен соң бірін қарсыластарын ұтып, ақтық сынға дейін жетті. Финалда Жамбыл облысының командасымен шеберлік пен төзімділікке толы тартысты ойын көрсетіп, өкінішке қарай аз ғана ұпай айырмасымен қарсыласына жол берді.


Дегенмен, шағын ауыл мектебінің 7-8 сынып оқитын өрендерінің республика көлемінде абыроймен өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінуі – бұл үлкен жетістік, мақтан тұтарлық нәтиже. Олар облыс намысын лайықты қорғап, жас буынға үлгі боларлық ерлік жасады.


Команданы жарысқа дайындап, жеңіске бастаған – мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі әрі білікті жаттықтырушы Саян Бақытжанұлы. Ұстаздың қажырлы еңбегі мен шәкірттерінің төккен тері жемісін беріп, осындай зор нәтиже көрсетті.


Қала тұрғындары жүлдегер команданы Арыс теміржол вокзалынан салтанатты түрде қарсы алып, қошемет көрсетті. Оқушылар мен жаттықтырушыны ұстаздар, ата-аналар, ауылдастары зор қуанышпен күтіп алды. Вокзал маңы нағыз мерекелік көңіл-күйге бөленіп, қолдау білдірген жұрттың жылы лебіздерімен көмкерілді.

Бөлісу