ТҮРКІСТАН: Жайлы мектептерге қатысты мәселелер қаралды

0
98

29 жайлы мектеп салу жоспарланған.


ТҮРКІСТАН: Жайлы мектептерге қатысты мәселелер қаралды

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жайлы мектептердің директорларымен мәжіліс өткізіп, өзекті мәселелер бойынша талқылау жүргізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан өңірінде жобалық қуаттылығы 22 900 орынды құрайтын 29 жайлы мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде 2024 жылы 13 жайлы мектеп ашылса, жыл соңына дейін 16-ы пайдалануға беріледі.


Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жайлы мектептердің директорларымен мәжіліс өткізіп, өзекті мәселелер бойынша талқылау жүргізді. Жиында жаңа оқу жылында ашылатын жайлы мектептердің дайындығы, құрылыс сапасы мен талапқа сәйкестігі, лицензия алу, оқушылар қабылдау, педагогтарды және техникалық мамандарды жұмысқа орналастыру кезінде сыбайлас жемқорлық әрекеттерді болдырмау мәселелері қаралды.


– Бүгін барлығыңызды бір ортаға алғаш рет жинап отырмыз. Проблемалар мен ұсыныстарды тізіп, ортақ шешімдер қабылдаймыз. Кез келген мәселені жауапты басқармалар, облыс әкімдігі, қажет болған жағдайда министрлік арқылы шешуге дайынбыз. Жайлы мектептерді материалдық-техникалық базасы, білікті кадрлармен қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Сондықтан директорлар педагогикалық құрамды жасақтауларыңыз қажет. Ұстаздар пәндік біліммен қатар жаңа формацияны меңгерген және цифрлық әлемге бейім болуға тиіс. Мамандарды іріктеу кезінде негізгі құндылықтардан бөлек, шығармашыл қабілеті, адалдық ұстанымы мен жаңашыл көзқарасына мән беріңіздер. Құжаттарының шынайылығын тексеріңіздер. Жергілікті тұрғындарға, ата-аналарға жайлы мектептің мүмкіндігі жөнінде ақпараттық-түсіндіру жүргізу артықтық етпейді. Ал ғимараттардың құрылыс сапасына мониторинг тұрақты түрде жүргізіліп, тиісті шаралар қолданылады. Бұл бағыт облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының қатаң қадағалауында тұр. Сондай-ақ лицензия алу жұмыстарын аяқтаңыздар, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.


Отырыста білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Нұрпейісов осы білім ұяларына бала қабылдау туралы айтса, бөлім басшылары нысандардың мүлкін күтіп ұстау мен педагог кадрларды іріктеу бойынша баяндама жасады.


Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – еліміздегі білім беру саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ауқымды бастама. Бұл білім ұялары заманауи инфрақұрылым, қауіпсіз және инклюзивті орта, инновациялық білім беру әдістері, толық күндік оқу форматы және санитарлық-гигиеналық талаптарымен ерекшеленеді. Апатты, екі және үш ауысымды мектептерді жоюға бағытталған.

Бөлісу