ТҮРКІСТАН: Заң талаптары бұзылған нысандарға айыппұл салынды

0
59

1147 нысанның құрылыс монтаждау жұмыстары басталған.


ТҮРКІСТАН: Заң талаптары бұзылған нысандарға айыппұл салынды

Түркістан облысында 190 құрылыс нысаны тексеріліп, заң талаптары бұзылғандарына айыппұл салынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында жыл басынан бері 1147 нысанның құрылыс монтаждау жұмыстары басталған. Оның ішінде 188 нысанның құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен, ал 959 нысанның құрылысы жеке кәсіпкерлік қаражаты есебінен салынуда. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.


Өңір басшысы жиын барысында заңсыз құрылыстарға жол бермеу және оларды жою бағытындағы шараларды күшейту қажеттігін атап өтіп, заңға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізуде тапсырды.


– Себеппен емес, салдармен күресетін уақыт келді. Алдағы уақытта жаңадан заңсыз құрылыс нысандары анықталған жағдайда, бірінші кезекте ауыл округ әкімдеріне және аудан әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларына тәртіптік шара көрілетінін ескертемін. Сонымен қатар аудан, қала әкімдіктері мен ауыл окург әкімдері тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізіп, заңсыз салынған құрылыс нысандарын заң талаптарына сәйкес ретке келтіруі тиіс. Салынып қойған құрылыстарға рұқсат құжаттарын рәсімдеп беру тәжірибесін тоқтатуды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.


Жиында Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының 7 айдағы жұмысы сараланды. Облыс аумағында заң талаптарын сақтамай салынған 190 құрылыс нысандарына тексеру жұмыстары жүргізіліп 562 заңбұзушылықтар анықталып, 163,15 млн. теңге айыппұл салынды. Нәтижесінде заңбұзушылықтарды жоюға 187 нұсқама, оның ішінде 40 нұсқама бөлшектеп бұзуға берілді. Сонымен бірге жыл басынан бастап сотқа 8 нысанды мәжбүрлеп бұзуға талап арыз жолданып, оның 2-еуі қанағаттандырылып, қалғандары қарау үстінде.


Жиында құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауға қойылатын талаптар, құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру тәртібі, субектілердің сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңдарды бұзғандары үшін жауапкершілігі сөз болды. Жаңадан салынатын жекеменшік нысандарға бақылау жүргізу, нұсқамамен бөлшектеп бұзуға берілген нысандар, мәжбүрлеп бұздыруға сотқа жолданған нысандар, заңсыз құрылыстардың алдын алу, проблемалары және шешу жолдары, заңсыз құрылыстарды анықтау алгоритімі және өзге де мәселелер пысықталды. Тиісті тапсырмалар беріліп, мәселелер бақылауға алынды.

Бөлісу