Шегіртке тектес зиянкестерді жою үшін облыс бойынша ошақ аумақтарының картасы әзірленіп, жер жырту жоспары түзілуде.
Түркістан облысында ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жоспарға сай жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жетекшілік ететін салаларының басқарма басшыларымен мәжіліс өткізіп, тапсырмалардың орындалуын саралады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев өңірде ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жоспар мен талапқа сай өтіп жатқанын баяндады. Қазіргі таңда Ордабасы, Шардара, Түлкібас және Келес аудандарында жұмыс баяулаған. Бұл бойынша жауапты мамандар себебін анықтап, тиісті шаралар қабылдауда. Мақта бағасын реттеу бойынша шитті мақтаны қайта өңдейтін зауыт иелерімен келіссөздер жүргізілуде. Шегіртке тектес зиянкестерді жою үшін облыс бойынша ошақ аумақтарының картасы әзірленіп, жер жырту жоспары түзілуде.
Жиында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібеков салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Оның мәлімдеуінше, ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына сәйкес, үй жануарларын есепке алып, тіркеу жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері облыста 37 696 үй жануары тіркелген.
Жиында ауыл шаруашылығы жануарларының санын статистикалық деректегі мал басы мен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқор базасындағы сәйкестендіру бойынша мобильді топтың аралық есебі ұсынылды. Үй жануарларын асырау, серуендету ережелерін сақтамаған тұрғындарға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 407-2 бабымен хаттама толтырылып, 355 әкімшілік айыппұл салынды. Түсіндіру, ескерту жұмыстары кеңінен атқарылуда. Одан бөлек, заңсыз мал тасымалының жолын кесу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, жер қатынастары басқармасы, «Түркістан» ӘКК» АҚ басшылары облыс әкімінің, облыс әкімі орынбасарының хаттамалық тапсырмаларының орындалуы барысы туралы есеп берді.
Айта кетейік, облыс әкімінің орынбасары тарапынан бүгінге дейін нақты 450 хаттамалық тапсырма берілсе, оның 250-і орындалуына байланысты бақылаудан алынған. Ал, 167 тапсырма тұрақты болса, қалған тапсырмалардың орындалу мерзімі бар.