Жеке қабылдауға жазылған азаматарға 78 қабылдау ұйымдастырылып, 737 азаматтың өтініштері тыңдалды.
Түркістан облысы әкімдігінде жеке қабылдаулар тұрақты өткізіліп, тұрғындардың өтініштері орындалуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы тұрғындарын жеке қабылдау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Облыс әкімі аппараты өтініштердің қаралуын бақылау бөлімі тарапынан азаматтарды жеке қабылдау тізіміне, көтерілген мәселелер мен қабылдау барысында берілген тапсырмалардың орындалуына талдау жұмыстары жүргізілді.
2025 жылдың басынан облыс әкімі аппараты басшылығының жеке қабылдауына жазылуға 1 091 жеке және заңды тұлғалардың өкілдері жүгінген. Жеке қабылдауға жазылған азаматарға 78 қабылдау ұйымдастырылып, 737 азаматтың өтініштері тыңдалды. Атап айтқанда, облыс әкімі 26 қабылдау өткізіп, 305 азаматты қабылдады. Ал облыс әкімінің орынбасарлары және аппарат басшысы 52 қабылдау өткізіп, 432 азаматтың талап-тілектерін тыңдады.
Жеке қабылдауда болған азаматтар тарапынан түрлі салаларға қатысты 900-ға жуық өтініш пен ұсыныс-пікірлер айтылды. Өтініш иелері тұрғын үй алу, инфрақұрылым, білім, жер даулары, жұмыспен қамтамасыз ету салаларына қатысты мәселелерді жиі көтерді. Атап айтқанда, тұрғын үй саласы – 122, білім саласы –89, инфрақұрылым саласы – 72, жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек саласы –59, жер қатынастары саласы – 56, денсаулық сақтау саласы –38, мәдениет және спорт саласы – 34 және ауыл шаруашылығы саласына қатысты 28 мәселе көтерілген. Осы ретте, тиісті мемлекеттік органдардың тарапынан оперативті түрде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, сондай-ақ оң шешімін табу нәтижесінде 336 азамат қабылдауға кіруден бас тартты. Қазіргі таңда 2025 жылы жеке қабылдауға жазылған азаматтардың барлығы қабылданды. 2026 жылға жеке қабылдануға кіретін азаматтар тізімі жасақталуда.
Жеке қабылдауының қорытындысымен түзілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жауапты мекемелерге берілген 431 тапсырманың 345 тапсырмасы орындалса, қалған тапсырмалар орындалу үстінде.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасарларының қабылдау қорытындысымен 249 тапсырма беріліп, орындауға жолданған. Тапсырмалар кезең-кезеңімен орындалуда. Хаттамалық тапсырмалардың орындалуы Түркістан облысы әкімініңқатаң бақылауына алынған.


