Табиғат жанашырлары аудан аумағындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойындағы өтіп жатқан сенбілікке атсалысып, тазалық шарасына белсене қатысты.
Түлкібас ауданында өткен тазалық эстафетасына 4 мыңға жуық адам қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
29-қыркүйек күні Алматыдан бастау алған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясындағы республикалық Road-эстафетасы бүгін киелі Түркістан өңірінің Түлкібас ауданына келіп жетті.
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйытқы болуымен 2 жыл қатарынан іске асып жатқан тазалық шарасына қатысушыларды Түлкібас ауданының Жамбыл облысымен шекарасынан «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев бастаған ел ағалары сый-құрметпен күтіп алды.
Табиғат жанашырлары аудан аумағындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойындағы өтіп жатқан сенбілікке атсалысып, тазалық шарасына белсене қатысты.
Сондай-ақ келген қонақтарға ауданнан шығатын табиғи өнімдер таныстырылып, жергілікті өнімдерден тіске басарлар мен сусындар таратылды.
Акция барысында қонақтар мен ерікті жастар қоғам қайраткері Тұрар Рұсқұловтың ескерткішінің маңында бас қосып, ол жерде «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы және «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Нұрғалиқызы мінбеде сөз сөйлеп, бүгінгі шараның маңыздылығын тарқатып, қатысып жатқан табиғат жанашырларына алғыстарын білдірді.
Жалпы игі шара барысында Жамбыл облысының шекарасы мен Сайрам ауданының шекарасына дейінгі аумаққа жалпы аудандық сенбілік өтіп, оған ауданға қарасты барлық мекеме қызметкерлері, мәслихат депутаттары, Түркістаннан арнайы келген еріктілер мен жастар, табиғат жанашырлары және БАҚ өкілдері қатысты.
Айта кетсек, аталған тазалық эстафетасы биылғы жылдың 6 қазанына дейін Қызылорда бағытында жалғасын таппақ.
Игі шараның негізгі мақсаты – елімізде экологиялық мәдениетті дамыту және қоршаған ортаны қорғау .