Мереке 2001 жылдан бері дәстүрлі түрде тойланып келеді.
Созақ ауданында Жастар күніне арналған гала-концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Созақ ауданында Жастар күніне арналған гала-концерт ұйымдастырылды. Мерекелік кеште аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Серік Сахиұлы аудан жастарын айтулы мерекемен құттықтап, өз саласы бойынша жоғары дәрежеде қызмет еткен бірқатар жастарды алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат табыс етті.
Сонымен қатар аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Мырзабекұлы және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Аманбекұлы аудан жастарына ізгі тілектерін арнап, мәслихат төрағасы атынан белсенді жастарға құрмет көрсетті.
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Дінислам Нартайұлы мерекемен құттықтап, аудан жастарына облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысының алғыс хатын табыстады.
Аудан жастарының мерекелік кешінде жайдарманшы, актер Нұрсұлтан Жақсыген және эстрада жұлдызы Еркеш Хасен бастаған өнерпаздар мен «Созақ-Бай» жайдарман тобы және жастар арасында кең танымалдыққа ие болып жүрген жас әншілер өз өнерін ортаға салып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Айта кетейік, өңірде жыл сайын 12 тамыз – Халықаралық жастар күні атап өтіледі. Ал 16 тамыз – Созақ ауданында Жастар күні ретінде бекітіліп, айтулы мереке 2001 жылдан бері дәстүрлі түрде тойланып келеді.