ТҮРКІСТАН: ​Шардарадан түркі дәуірінің құнды мұрасы – балбал тас табылды

0
114

Археологтар мен тарихшылар балбал тасты түркі тайпаларының ірі қолбасшысы немесе ру басшысының құрметіне орнатылған ескерткіш ретінде бағалауда.


ТҮРКІСТАН: ​Шардарадан түркі дәуірінің құнды мұрасы – балбал тас табылды

2025 жылдың шілде айында Түркістан облысының Шардара қаласы маңындағы «Ақтөбе қорымы» аумағынан түркі дәуіріне тиесілі тарихи жәдігер — балбал тас табылды.

Мамандардың пайымдауынша, бұл құнды мұра VII–VIII ғасырларға тиесілі. Ежелгі тас мүсін қорым маңындағы жекеменшік шаруа қожалығының аумағынан кездейсоқ табылған.

Археологиялық сипаттамаларға сәйкес, тас мүсіннің салмағы 46 келі, биіктігі 69 см, орташа ені 26 см, ал қалыңдығы 13 см. Балбал тас өңдеуден өткен — бет әлпеті нақты бейнеленген, бас киімі мен кеудесіне қашалып салынған сүйір төртбұрышты таңба оның мәдени-рухани маңызын арттыра түседі. Бұл — шебер қолынан шыққан, өз дәуірінің айшықты айғағы.
Археологтар мен тарихшылар балбал тасты түркі тайпаларының ірі қолбасшысы немесе ру басшысының құрметіне орнатылған ескерткіш ретінде бағалауда. ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев бұл жәдігерді VII–VIII ғасырлардағы баға жетпес тарихи мұра деп сипаттады. Сондай-ақ, белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев мүсіннің жасалу ерекшеліктеріне сүйене отырып, оны VI–X ғасырлар аралығындағы түркі өркениетінің нақты айғағы ретінде атап өтті.
Тас мүсіннің табылуы — тек археологиялық олжа ғана емес, қазақ даласының бай тарихи жады мен түркі мәдениетінің терең тамырын тағы бір мәрте дәлелдейтін маңызды жаңалық. Бұл — болашақ ұрпаққа өткенімізді тануға жол ашатын, ел тарихының алтын парағы іспетті ескерткіш.
Бөлісу