Егістік алқаптарына қашыртқылар арқылы су жеткізу үшін 53 насос орнатылды.
Шардара ауданында су тапшылығына байланысты қосымша шаралар қабылданды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шардара ауданы бойынша жалпы егістік көлемі 55,5 мың гектарды құрайды. Қазіргі уақытта бұл алқаптарды суаруға Қызылқұм магистральді каналы арқылы секундына 25 текше метр су босатылып отыр. Су тапшылығы жағдайын оңтайлы шешу мақсатында бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков ауданға жұмыс сапарымен барып, су арналарын аралап, егістік алқаптарының жай-күйімен танысты.
Егістік алқаптарына қашыртқылар арқылы су жеткізу үшін 53 насос орнатылды. Бұл ағын суды шаруаларға бекітілген кезектілік кестесі арқылы жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Аудандағы жағдай облыс әкімінің жіті бақылауында.
Жұмыс сапары аясында қала және ауыл әкімдері, сондай-ақ “Қазсушар” РМК Түркістан филиалының Шардара өндірістік бөлімшесі мамандарының қатысуымен арнайы мәжіліс өтті. Онда су мәселесі мен алдағы міндеттер кеңінен талқыланды. Мәжіліс қорытындысымен нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалу мерзімі мен жауапты тұлғалар белгіленді.
Бұл жағдай су ресурстарын тиімді басқару және үнемдеу технологияларын енгізудің маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.