Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Шардара» су қоймасының жағалауында рейдтік шаралар жүргізді.
Түркістан облысына қарасты «Шардара» су қоймасының айналасында жазғы демалыс жағажайлары көбейген.
Осыған дейін облыс басшысы Нұралхан Көшеров туристік аймаққа арнайы барып, жағажайдың жай-күйімен танысып қайтқан болатын. Демалыс жағажайларындағы басты түйткіл тазалық пен қауіпсіздік талаптары екені белгілі. Осы тұста облыс әкімі демалыс аймағына жауапты тұлғалармен кездесіп, көтерілген мәселелер төңірегінде тапсырмалар берді.
Бүгінде жағажай аумағында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, полиция қызметкерлері тарапынан қауіпсіздік талаптары қатаң қадағалануда. Бұл мәселелер басшылық тарапынан назарға алынып, жағажай аумағында құтқарушылар санын арттыру және ретсіз орналасқан сәкілердің орнын ауыстыру шаралары қолға алынды.
Мұнда рейдтік тәртіп шаралары күшейген. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Шардара» су қоймасының жағалауында рейдтік шаралар жүргізді. Нәтижесінде жағажай аумағында тәртіп бұзған азаматтарға қатысты ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 434-2 бабы 1,2 бөліктерімен 15 әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылды. Сонымен бірге аталған Кодекстің 505 бабы, 1 бөлігімен 2 демалыс аймағының басшыларына абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Қазіргі уақытта жол қауіпсіздігі бойынша 28 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, оған тиісті шара көрілді. Заң талаптарын бұзған 5 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды. Жалпы тәулік ішінде анықталған әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 45 хаттама толтырылған.
Мамандар тарапынан «Шардара» су қоймасының жағалауында және демалыс аймақтарында қоғамдық тәртіпті қаматамасыз ету және жол көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жұмыстар тұрақты түрде жалғасады.
Демалыс орындарының мол шоғырлануы – өңірдегі туризм саласын дамытудың оң тетігі. Ал туризмі дамыған аймақ болу жолында тәртіп пен сапалы жұмыс жүргізу дұрыс шешім. Сондықтан тұрғындар мен жағажай маңында демалушыларға тазалық пен қауіпсіздік шараларын ұмытпауды ескертеді Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.