Сауран ауданының жетістіктері мен тарихи тұлғаларын да ақындар жырларына арқау етті.
Сауран ауданында «Жібек жолының жауһары» атты республикалық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімдігі мен «AMANAT» партиясы және «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» тікелей қолдауымен, Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жібек жолының жауһары» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Айтыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына, Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналды.
Жыр додасының басты мақсаты – айтыс өнерін кеңінен насихаттап, Абай мұрасын ұлықтау, ел бірлігі мен тарихтағы батырлар ерлігін дәріптеу болды. Сонымен қатар, Сауран ауданының жетістіктері мен тарихи тұлғаларын да ақындар жырларына арқау етті.
Айтысты аудан әкімінің кеңесшісі Мухамеджан Ергешбайұлы арнайы ашып беріп, ақындарға сәттілік тіледі, елдің рухын көтеретін жыр додасының әділ әрі мазмұнды өтуіне тілектестік білдірді.
Аламан доданың қазылар алқасына танымал айтыс жанашыры Оразымбет Бөрібай төрағалық етті. Қазылар алқасы әділ шешім қабылдап, әр ақынның шеберлігіне, тапқырлығына және тақырыпты ашудағы өнеріне лайықты баға берді.
Айтысқа аймақтың әр түкпірінен келген белгілі және жас ақындар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Қазылар шешімімен жыр додасының бас жүлдесі (1 млн теңге) Бекарыс Шойбековке бұйырды. Бірінші орын (600 мың теңге) Еркебұлан Қайназаров қанжығасына байласа, екінші орын (450 мың теңге) Нұрзат Қаруға бұйырды. Ал үшінші орын (350 мың теңге) Қажымұхан Абзалов, Қалижан Білдашев, Шұғайып Сезімхан, Сырым Әуезхан ие болды.
Арнайы жүлделер иегерлері 250 мың теңге көлемінде сыйақы берілді. Атап айтсақ, «Тәушен Абуова» атындағы жүлде – Аян Ниязбек, «Әселхан Қалыбекова» атындағы жүлде – Мейіржан Жақып, «Қаныбек Сарыбаев» атындағы жүлде – Нұрмахан Жақыпбек, Түркістан облысы Мәдениет басқармасының жүлдесі – Ахметрасул Баянбайға, Сауран ауданы әкімінің арнайы жүлдесі – Нұрдаулет Өмірбекке табысталды.