Түркістан облысында 100 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрады.
«Самғау» оңалту орталығында бір жылда 1200-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жанға қызмет көрсетілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Самғау» оңалту орталығының құрылғанына бір жыл толуына орай, «Өмірді сүйген жүректер» тақырыбында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Шара барысында Республика күніне орай, орталықтың бір жыл ішіндегі жетістіктері мен атқарылған жұмыстары таныстырылып, арнаулы әлеуметтік қызмет алушылар мен орталық мамандарының қатысуымен концерттік бағдарлама көрермен назарына ұсынылды.
Іс-шараға Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Байғұтов, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Инара Намазбаева, Сауран аудандық іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері, әлеуметтік сала мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Шараның ресми бөлігінде мекеме директоры Гүлнұр Сауртаева атқарылған жұмыс барысы туралы баяндады.
Сондай-ақ, қонақтар назарына қызмет алушылардың түрлі бағыттағы емдік-сауықтыру және әлеуметтік бейімдеу жұмыстарының нәтижелері арнайы бейнеролик арқылы көрсетілді. Қатысушылар ерекше жандардың өмірге деген құштарлығын, жігері мен табандылығын сезініп орталық ұжымының еңбегіне табыс тіледі.
Орталық ашылған уақыттан бері 160 қызметкер мүмкіндігі шектеулі жандарға сапалы оңалту қызметтерін көрсетіп, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар атқарып келеді. Бір жыл ішінде 1200-ге жуық қызмет алушы емдік және психологиялық оңалту шараларынан өтіп, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік алды.
Айта кетейік, Түркістан облысында 100 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Бұл облыс халқының 5%-ын құрайды. Сауран ауданы Оранғай ауылында орналасқан орталықта 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға арналған. 200 орындық заманауи оңалту орталығында арнаулы әлеуметтік қызметтердің 8 түрі көрсетіледі.