ТҮРКІСТАН: Салалық тапсырмалардың орындалуы талданды

0
79

Облыста ветеринариялық қызметті цифрландыру бағытында жасанды интеллект жүйесін енгізу жұмыстары басталды.


ТҮРКІСТАН: Салалық тапсырмалардың орындалуы талданды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жетекшілік ететін салалар бойынша берілген тапсырмалардың орындалу барысын саралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биылғы жылыту маусымында Түркістан облысындағы жылыжайлар үшін 273 214 тонна көмір алу жоспарланған. Былтыр өңірдегі жылыжайлар 250 мың тоннаға жуық қатты отын тұтынған. Қазіргі таңда көмір таратушы операторлардың қоймаларында 84,6 мың тонна қатты отын қоры бар. Сонымен қатар маусымаралық тұтыну кестесі ұсынылды. Сондай-ақ биыл «Фермерлік жылыжайларға қойылатын жалпы техникалық талаптар» мемлекеттік стандарты бекітіліп, қазіргі уақытта 801 жылыжай арнайы сертификаттаудан өтті.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жетекшілік ететін салалар бойынша берілген тапсырмалардың орындалу барысын саралады. Кеңесте жауапты басқарма басшылары өз бағыттары бойынша есеп беріп, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.


Атап айтқанда, «Тұран су» мекемесі жалпы ұзындығы 1063,1 шақырым болатын 71 каналдың құжаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Шардара ауданында 425,7 шақырым қашыртқының құжаты толық рәсімделген. Сауран ауданында 91,4 шақырым канал құжаттары мемлекеттік тіркеуге жолданды. Ал Ордабасы, Бәйдібек аудандары мен Арыс қаласында құжаттау жұмыстары жалғасуда.


Облыста ветеринариялық қызметті цифрландыру бағытында жасанды интеллект жүйесін енгізу жұмыстары басталды. Сонымен қатар Мақтаарал, Ордабасы, Бәйдібек, Сауран, Созақ, Түлкібас аудандарында 8 мал қорымы жасақталды. Келес, Арыс, Қазығұрт, Сарыағаш, Сауран және Созақ аудандарында ұсақ малды шомылдыруға арналған жасанды су қоймалары (хауыздар) салынды.


Жұмыс тобы 2024 жылы субсидия алған 10 310 шаруа қожалығының салықтық міндеттемелерін тексеріп, оның ішінде 2 476 қожалықтың салық төлемегенін анықтаған.


Қабылданған шаралардың нәтижесінде 1 390 шаруашылық берешегін өтеді. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғаспақ.


Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Шардара ауданындағы балық тұқымбақтарын қайта іске қосу бойынша ақпарат берді. Бүгінде облыста 212 шаруашылық тауарлы балық өсірумен айналысады. Сонымен қатар күзгі ағаш отырғызу науқанына дайындық барысы да пысықталды. Облыстағы 22 тұқымбақ арқылы көшет босату жоспары аудан-қалалардың климаттық жағдайы мен топырақ құнарлылығына сәйкес бекітілген.


Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков механикалық тазалауды қажет ететін каналдарды саралау, ағымдағы және күрделі жөндеуді қажет ететін су нысандарын нақтылау, шегіртке зиянкесіне қарсы 2026 жылға жоспарланған шараларды пысықтау және қатты отын тасымалын бақылау секілді бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Бөлісу