Аталған жобалар елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Отырар ауданында абаттандыру және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының тарихи-мәдени орталығы саналатын Отырар ауданында абаттандыру және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, аудан әкімі Қайрат Жолдыбайдың бастамасымен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің үйлестіруімен бірқатар жобалар аудандық бюджет есебінен іске асырылды. Аталған жобалар елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қасиетті Отырар туризм кластерін дамытуға қолайлы аймақтың бірі. Осыған орай, аудан аумағындағы Арыстанбаб кесенесі маңын абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінген. Кесене жанынан өтетін айналма жолдың қасбеттерін абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ қасбеттерді бірыңғай стильде жаңарту кесенеге келетін зияратшылар мен шетелдік қонақтар үшін ауданның мәдени деңгейін көрсететін маңызды қадам болды.
Сонымен қатар «Түркістан – Шәуілдір» бағытындағы ауданға кіреберіс бас қақпаны абаттандыру жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде аудан табалдырығын аттаған әрбір жолаушы Отырардың жаңарған, заманауи кейпін көре алады.
Абаттандыру жұмыстары аудан орталығы – Шәуілдір ауылында да жалғасын тапты. Ұ.Арғынбеков даңғылы бойындағы 8,2 шақырым ауматы қамтитын көше шамдарына жарықдиодты элементтерді орнату жұмыстары сәтті аяқталды. Жаңа жарықдиодты шамдар энергияны үнемдеумен қатар, түнгі уақытта жол көрінісін жақсартып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға септігін тигізеді.
Аудан орталығынан бөлек, елді мекендердің ішкі инфрақұрылымын дамытуға баса көңіл бөлінуде. Отырар ауыл округіне қарасты Арыс елді мекеніндегі Малдыбеков көшесін абаттандыру жұмыстары ауыл тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген өзекті мәселелердің бірі болатын. Көтерілген мәселеге байланысты аудан әкімінің тапсырмасына сйкес ұзындығы 2850 метр болатын бұл көшеге заманауи аяқжол (тротуар) салынып, толықтай жарықтандыру жүйесі жүргізілді. Аудандық бюджет есебінен іске асқан бұл жоба әсіресе жаяу жүргіншілер мен мектеп оқушылары үшін жылдар бойы шешілмей келген түйткілді мәселенің түйінін тарқатты.
Отырар ауданындағы атқарылып жатқан бұл жұмыстар – жергілікті билік пен мердігер мекемелердің бірлескен жұмысының айқын көрінісі. Алдағы уақытта да аудан аумағында тұрғындардың игілігіне бағытталған ауқымды жобалар өз жалғасын табады.


