Аталған мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды.
Түркістан облысы аумағында өрт қауіпті кезең басталғалы өртке қарсы жұмыстар да күшейтіле түсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы аумағында өрт қауіпті кезең басталғалы өртке қарсы жұмыстар да күшейтіле түсті. Аталған мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров осы бағыттағы жұмысты уақтылы үйлестірмеген және тиісті мәлімет ұсынбаған басшыларға ескерту жасады.
– Облыс аумағындағы жолдардың бойында минералды жолақ сызу жұмыстарын мамыр айында аяқтауды тапсырғанмын. Кейбір аудандар бұл тапсырманы кешіктірді. Мұндай олқылықтар қайталанбауы тиіс. Облыс аумағында орман дала өрттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы ісшара жоспары бекітілген. Осы бағытта жұмысты сапалы атқару керек. Орман, дала өрттерінің алдын алу және олармен күрес жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы А.Төлешев пен Облыстық жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы С.Бүрлібаевтің есептері тыңдалды.
Өңірде орман және дала өрттерінің алдын алу жұмыстарының іс-шаралар жоспары бекітіліп, облыс аумағында 478 елді мекен жиегін өртке қарсы минералды жолақ жырту және жаңғыш құрғақ шөптерден тазарту туралы тапсырма берілген. Жоспарланған іс-шаралар орындалу барысы қажетті деңгейде ұйымдастырылуда. Алайда кейбір аудандарда жұмыс толық әрі сапалы емес. Бұл бағытта тиісті тапсырмалар берілді.
«ҚазАвтоЖол» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 312 шақырымына минералды жолақ жүргізсе, Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы облыстық маңызы бар 1287 шақырым жолдың бойына минералды жолақ жүргізген.
Сонымен қатар облыс әкімдігімен 37 маусымдық өрт сөндіру бекеттерін құру жоспары бекітіліп, бүгінде 23 бекет орнатылған. Тиісті жұмыс жалғасуда.