Компаниялар алдағы уақытта өнім түрлерін кеңейтіп, экспортқа шығу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Түркістан облысында биыл «Өрлеу» бағдарламасы аясында 30-ға жуық жоба жүзеге асқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында «Өрлеу» бағдарламасы аясында жыл басынан бері жалпы сомасы 11,7 млрд теңгені құрайтын 29 жоба қолдау көрсетілді. Аталған кәсіпорындармен танысу мақсатында БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды.
Сапар аясында журналистер бірінші кезекте «QazEcoPack» кәсіпорнының жұмыс барысымен танысты. Кәсіпорын - өндірісте, тұрмыста және кеңсеге керек жабысқақ лента және жүк орайтын стрейч-плёнка шығарады. Зауыт жылына шамамен 1 200 тонна өнім шығарады. Өнімдер жоғары сапасымен, беріктігі және қолданудағы әмбебаптығымен ерекшеленеді. Кәсіпорын экологиялық таза шикізатты және заманауи технологияларды пайдалана отырып, халықаралық стандарттарға сай өнім ұсынады.
Одан кейін БАҚ өкілдері Түлкібас ауданында орналасқан «Beibars Bottlers» ЖШС-ң жаңа өндіріс орнын аралады. Завод газдалған және газдалмаған сусындар, табиғи шырындар мен минерал су өндіреді. Негізгі өнімі - әлемге танымал «RC Cola» бренді. Зауыт жылына 120 мың тонна сусын шығарады.
Өндіріс процесінде заманауи еуропалық жабдық пен сапасы мұқият бақылауда болатын табиғи су пайдаланылады. Компания «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 12,6%-бен жеңілдетілген несие алып, өндірісті одан әрі дамытуда. Бұл қадам кәсіпорынның тұрақты өсуіне және нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жол ашып отыр.
Сапар соңында журналистер «МК ALTYN NAN» ЖШС-да болды. Кәсіпорынның қуаты тәулігіне 500 тонна ұн өндіруге мүмкіндік береді. Кешен құрамындағы екі диірмен мен 105 мың тонналық элеватор астықты қабылдап, өңдеп және жыл бойы сақтай алады. Өндіріс процесінде дәстүрлі технологиялар мен заманауи жабдықтар үйлесім тапқан. Ұн тек іріктелген жоғары сапалы бидайдан өндіріледі. Бүгінде «ALTYN NAN» жоғары, бірінші және екінші сорттағы ұн шығарып, отандық нарықта сенімді брендке айналып келеді. Компания алдағы уақытта өнім түрлерін кеңейтіп, экспортқа шығу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.